Негізгі Жаңалықтар Сайлау учаскесіндегі жәрмеңке

Сайлау учаскесіндегі жәрмеңке

Еліміздегі Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында облыс орталығындағы бірқатар учаскенің маңында жәрмеңкелер ұйымдастырылды. Мұнда жергілікті кәсіпкерлер мен қолөнер шеберлері өз өнімдерін ұсынды. Сауда қатарларында азық-түлікпен қатар, қолдан жасалған бұйымдар мен кәдесыйларды да кездестіруге болады.

№31 сайлау учаскесінің маңында жергілікті өндірушілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің басын қосқан жәрмеңке ұйымдастырылды. Дауыс беруге келген қала тұрғындары азаматтық міндетін орындаумен қатар, қажетті тауарларын да сатып алуына мүмкіндік туды. 

Қарлығаш Ғазизова, №31 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

Біздің сайлаушыларымыз тұрғылықты мекен-жайы бойынша таңертең сағат 7-ден өте белсенді дауыс беріп жатыр. Сонымен қатар мектеп ауласына Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен ауыл шаруашылық өнімдері, қол өнері, азық-түліктер өте төмен бағада.

Жәрмеңкеде сәндік-қолданбалы өнер шебері Ирина Баянжанова да өз бұйымдарын ұсынды. Оның сөресінен қолдан жасалған әшекейлер мен кәдесыйларды көруге болады. Мұнда көлемді сырғалар, төсбелгілер мен басқа да зергерлік бұйымдар қойылған. Шебер өз жұмысында түрлі материалдарды, соның ішінде табиғи өсімдіктерді пайдаланады. Ал бұйымдарына идеяны табиғаттан және туған өлкенің көркем көрінісінен алады. Әр туынды қолмен жасалып, өзіндік дизайнымен ерекшеленеді.

Ирина Баянжанова, сәндік-қолданбалы өнер шебері:

Мынау көлемді түрі, екі жағы кестеленген. Сапалы материалдарды қолданамын. Сондай-ақ табиғи өсімдіктермен де жұмыс істеймін.. Өлкемізде бар дүниелердің бәрінен шабыт алып, бұйымдар жасаймын. Барлығы мына сөрелерімде тұр.

Сөрелерде Глубокое ауданының кәсіпорындары өндірген өнімдер де ұсынылды. Мұнда ет, сүт өнімдері, халуа және басқа да жергілікті тауарлар бар. Сатып алушыларға табиғи шикізаттан дайындалған, бағасы қолжетімді өнімдер ұсынылды.

Евгения Овчинникова, сатушы:

Глубокое өнімдері табиғи жолмен ысталған, құрамы да табиғи. Ысталған шұжық, пісірілген шұжық, ет деликатестері, бал, сары май да бар.

Сауда қатарлары таңғы уақыттан бастап жұмысқа кірісті. Жәрмеңке сатып алушыларға дауыс беру күні қажетті тауарларын алып, сауда жасауға қосымша мүмкіндік берді.

Виктория Савичева, қала тұрғыны:

Дауыс беруге міндетті түрде барамыз. Жыл сайын Қазақстанның өркендеуі үшін дауыс береміз. Жәрмеңкеде бәрі дәмді екен, түрлі тәттілер сатып алдық.

Сайлау күні мұндай сауда алаңдары қаланың бірнеше сайлау учаскесінің маңында жұмыс істеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкелер жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған.

Бекарыс Энгельс

Бөлісу

Аймақтық телеарналар