Ағайынды сарбаздар алғаш рет дауыс берді
Өскемендегі Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде мерзімді әскери қызметшілер Құрылтай сайлауына қатысып, өз таңдауларын жасады. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде үш жүзге жуық сарбаз бөлім аумағында орналасқан сайлау учаскелерінде дауыс берді.
Дауыс бергендердің арасында ағайынды Әбдіғалиевтер де бар. Бұл –олардың өміріндегі алғашқы сайлау. Әскерге алғаш болып Алдияр шақырту алған. Алайда өзінен бір жас кіші інісі Әлішер де ағасынан қалмай, Отан алдындағы борышын бірге өтеуге шешім қабылдаған. Қазір ағайындылар бір әскери бөлімде қызмет етіп жүр. Ал, бүгін олар ел үшін маңызды саяси науқанға да бірге қатысты.
Алдияр Әбдіғалиев, 5518 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі:
Бүгін біз үшін ерекше күн. Ағам екеуіміз алғаш рет дауыс беруге қатысып отырмыз. Бір шаңырақта өсіп, бірдей тәрбие алдық. Қазір Отан алдындағы әскери борышымызды да бірге өтеп жүрміз. Біздің дауысымыз – елдің болашағына қосқан үлесіміз екенін түсінеміз. Біз үшін бұл – үлкен жауапкершілік. Осындай маңызды шараға қатысып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қоса алатынымызға қуаныштымыз.
Ағайындылар бала кезінен бері бірге. Бір мектепте білім алып, кейін бір колледжде «аспаз» мамандығын меңгерген. Ал, бүгін әскери қызметшілер Отан алдындағы борышын өтеумен қатар, елдің қоғамдық-саяси өміріне де өз үлестерін қосты. Бір сапта Отан қорғап жүрген ағайынды Әлішер мен Алдияр үшін бұл күннің орны бөлек. Сайлау учаскесіне әскери қызметшілермен бірге «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы, генерал-майор Арман Жұмағалиев те келіп, өз таңдауын жасады.
Аңсар Шәкенов, №121 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:
Ұлттық Ұланның барлық әскери бөлімдері атсалысып, бұл тарихи сәтке өз үлестерін қосып жатыр. Бізде өзіміздің азаматтық парызымызды орындап, шараға қатысып жатырмыз.
Жалпы өңірлік қолбасшылық бойынша алты дауыс беру учаскесі жұмыс істеп тұр. Оларда мерзімді әскери қызметшілермен қатар, офицерлер мен сержанттар да дауыс беруде.
Фатима Тілейханқызы