Негізгі Жаңалықтар Құрылтай сайлауы - жаңа саяси кезең

Құрылтай сайлауы - жаңа саяси кезең

Бүгін еліміз үшін маңызды саяси науқан – Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауы өтуде. Дауыс беру таңғы сағат 7:00 басталды. Шығыс Қазақстан облысындағы 534 сайлау учаскелері өз жұмысына кестеге сай кірісті. Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мәліметінше өңірде дауыс беруге қатысу құқығына ие 485 873 сайлаушы тіркелген.

Сайлау учаскесіне таңғы сағат 7.00 бастап, келушілердің қатары көп. Олар өз азаматтық ұстанымын білдіріп, ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға атсалысуда. 

Манарбек Мұхамеджанов, қоғам қайраткері:

Бүгінгі сайлауға ерте тұрып, асыға келіп жатқан жағдайымыз бар. Өйткені менің ойымша бұл сайлау тек қана кезекті сайлау ғана емес,бұл Қазақстанның әлеуметтік саяси өміріндегі үлкен тарихи оқиға. Мысалы, мен өз басым осы сайлаумен Қазақстанның тарихында жаңа тарихи кезең басталғандығын көрсетеді деп ойлаймын. Осы құрылтай сайлауының өзі дегенде кезіндегі ежелгі ұлттық дәстүрімізді еске түсіреді. Сондықтан да ел Президентінің бастамасымен қабылданған жаңа конституцияға сәйкес өтіп жатқан бұл сайлау еліміздің дамуына, экономикалық, әлеуметтік, саяси дамуына, халықтың жағдайын жақсартуға жаңа серпін береді. 

Бұл сайлау – еліміздің жаңа заң шығарушы органы Құрылтайдың депутаттарын анықтайтын саяси науқан. Сондықтан әрбір азаматтың таңдауы маңызды. 

Жалын Қанатбеков, № 95 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы:

Бұл сайлау учаскесі КШТ мөлтек ауданындағы үлкен учаскелердің бірі болып табылады. Шекаралық ауданында 2730 астам сайлаушы бар. Сайлау учаскесі таңғы сағат 7,00 бастап өз жұмысын бастады. Сайлаушылардың да көңіл күйі жақсы. 

Шығыс Қазақстан облысында сайлау учаскелері белгіленген тәртіппен жұмысын жалғастыруда. Барлық сайлау учаскелерінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барынша жағдай жасалған. Сайлау барысы комиссия мүшелері мен байқаушылардың бақылауында. 

Дауыс беру кешкі сағат 20.00 дейін жалғасады. Сонымен қатар облыс орталығында қоғамдық көлікпен жүру тегін. 

Салтанат Кеңесбекқызы 

Бөлісу

Аймақтық телеарналар