Негізгі Жаңалықтар «Восток» стадионының жарық шамдары жаңартылды

«Восток» стадионының жарық шамдары жаңартылды

Облыс орталығында футбол жанкүйерлері көптен күткен сәтке куә болды. «Восток» стадионында алғаш рет аладоп ойыны жасанды жарық астында өтті. Қазақстан кубогы аясындағы кездесуде жергілікті «Алтай Өскемен» командасы Шымкенттік «Ордабасы» клубын қабылдап, тартысты ойында 1:2 есебімен жеңіліс тапты. Алайда бұл матчтың маңызы есептен әлдеқайда жоғары. Себебі өскемендік команда үшін кешкі футболдың қайта оралуы – қаланың спорттық өміріндегі елеулі жаңалықтардың бірі.

Кешкі аспан астындағы футбол. Жарқыраған жарықшамдар. Жанкүйерлердің қолдауы. «Восток» стадионында мұндай көрініс көптен бері болмаған еді. Енді өскемендік футболшылар өз алаңындағы кездесулерін күндіз ғана емес, кешкі уақытта да өткізе алады. Бұған стадионның жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстары мүмкіндік беріп отыр. Жобаны жүзеге асыруға «Қазцинк» компаниясы қолдау көрсеткен. Жұмыс Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүргізіліп, қалыпқа келтіруге 145 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Бүгін біз «Восток» стадионындамыз. Мұнда «Қазцинк» компаниясының облыс әкімдігімен жасалған меморандум аясында қаржыландырған жаңа жарықтандыру жүйесі таныстырылып отыр. Оның құны – шамамен 145 миллион теңге. Бұл жүйе стадионда кешкі уақытта матчтар өткізуге мүмкіндік береді. Жанкүйерлердің кешкі ойындарды тамашалауға деген сағынышы бар деп ойлаймын. Өйткені күндізгі кездесулерге жұмысқа байланысты кез келген адам келе бермейді. Ал футболдың өзіндік кешкі атмосферасы болады. Бүгін біз осы мүмкіндікті қала тұрғындарына облыс әкімдігімен бірлесіп сыйлап отырмыз.

Қазір мамандар жарықтандыру жүйесін УЕФА талаптарына сәйкестендіру бойынша соңғы баптау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жұмыс толық аяқталғаннан кейін клуб тиісті сертификаттаудан өту үшін құжаттарын тапсыратын болады. Ал футболшылар үшін бұл – жай ғана жаңа жарық емес, жаттығу мен ойын өткізуге қолайлы жағдайдың артуы. Әсіресе жаздың аптап ыстығында кешкі уақытта алаңға шығудың маңызы зор.

Сергей Хижниченко, «Алтай Өскемен» ФК шабуылшысы:

Бұл – керемет жаңалық. Командада жүргеніме үш жыл болды, осы уақыт ішінде алғаш рет кешкі уақытта ойын өткізіп отырмыз. Жарықтандырудың іске қосылғаны футболшылар үшін де үлкен мүмкіндік. Кешкі уақытта күннің ыстығы басылады, сондықтан кездесулерді қолайлы мезгілде өткізуге болады. Жанкүйерлер үшін де бұл өте жақсы. Мысалы, бүгін жұмыс күні. Егер ойын түстен кейінгі үш-төртте болғанда, көп адам стадионға келе алмас еді.

 «Восток» стадионындағы жарықтың қайта жануы аға буын өкілдеріне де ерекше көңіл күй сыйлауда.

Игорь Чесноков, «Алтай Өскемен» футбол орталығының жаттықтырушысы:

Осыдан отыз жылдай бұрын футболшы кезімде бұл жерде кешкі уақытта шамдар жанып тұратын. Енді, міне, көпшіліктің қуанышына орай, сол мүмкіндік қайта оралды. Балалар дайындығынан бастап ересектер командасына дейін жаттығуларды кешкі уақытта өткізуге болады. Үйдегі ойындарды да бұрынғыдан кешірек өткізуге мүмкіндік бар.

Ал алаңдағы тартыс соңғы минутқа дейін жалғасты. «Алтай Өскемен» сапынан бір гол соғылғанымен, өскемендік команда «Ордабасыдан» 1:2 есебімен жеңілді. Екі ойынның қорытындысы бойынша шымкенттік клуб 5:2 есебімен басым түсіп, Қазақстан кубогының финалына жолдама алды. Дегенмен, бұл кездесудің тарихи мәні бөлек. Өйткені «Восток» стадионында кешкі футбол дәстүрі қайта жаңғырды. Енді өскемендік жанкүйерлер сүйікті командасының ойындарын күннің ыстығына қарамай, кешкі салқынмен, жарық шамдарының астында тамашалай алады.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу

Аймақтық телеарналар