«Қарасора-2026»: заңсыз айналымға тосқауыл
Есірткі қылмысына қарсы күрес – қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды бағыттарының бірі. Осы мақсатта елде жыл сайын ұйымдастырылатын «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы биыл да жалғасын тапты. Қалада көліктегі полиция қызметкерлері есірткі заттарының заңсыз айналымына тосқауыл қою бағытында кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр.
Жедел-профилактикалық іс-шара барысында есірткі құралдары мен психотроптық заттарды заңсыз сақтау, тасымалдау, өткізу және олардың құрамында есірткі заттары бар өсімдіктерді заңсыз өсіру деректерін анықтауға басымдық берілуде. Мамандардың айтуынша, есірткі қылмысының жолын кесуде жедел іздестіру жұмыстары мен профилактикалық шаралардың маңызы зор. Әсіресе теміржол және әуе қатынасы арқылы заңсыз заттарды тасымалдауға әрекет ететін тұлғаларды дер кезінде анықтау – басты міндеттердің бірі.
Айдар Капжапаров, Өскемен-1 станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің бастығы:
2026 жылдың 1 маусым-31 қазан аралығында Өскемен станциясындағы Көліктегі полиция қызмет көрсету учаскесінде есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарды анықтау «Қарасора - 2026» арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның мақсаты есірткі құралдарының психотроптық заттардың, дайындалуын, сақталуынтасымалдануын, өткізілуін анықтау, жолын кесу, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын-алу.
Жедел-профилактикалық шара барысында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес екі қылмыстық дерек тіркелді. Бұл – есірткі қылмысының алдын алу және оның жолын кесу бағытындағы жұмыстардың нақты нәтижесі. Шараға кинологиялық қызметтің арнайы үйретілген иттері де жұмылдырылып, олардың көмегімен тексеру жұмыстары жүргізілді.
Еламан Рахметқалиев, ШҚО ПД Кинологиялық қызмет орталығының инспектор-кинологы:
Есірткіге қарсы күрес басқармасымен бірлесе отырып, біз үйлерге, мекемелерге, вокзалдарға, осы сияқты аэропорт т.б мекемелерге барып жұмыс атқарамыз. Сол жерде есірткі табылса, есірткіге қарсы басқармасы жұмыс атқарады.
Есірткі – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндіретін әлеуметтік мәселе. Сондықтан оның таралуына тосқауыл қою – ортақ міндет. «Қарасора-2026» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясындағы рейдтік және жедел жұмыстар белгіленген мерзімге дейін жалғасады.
Аяулым Усинова