Негізгі Жаңалықтар Балаларға қуаныш сыйлаған күн

Балаларға қуаныш сыйлаған күн

Облыс орталығында бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған мерекелік кеш ұйымдастырылды. Балаларға арналған шараға кішкентай қала тұрғындары мен олардың ата-аналары қатысып, ерекше мерекелік атмосфераның куәсі болды 

Кеш барысында балаларды сайқымазақтар қарсы алып, түрлі қызықты ойындар мен көңілді бағдарламалар өткізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар балдырғандардың бос уақытын тиімді өткізуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуына және достарымен бірге қуанышты сәттерді бөлісуіне мүмкіндік береді. Ал ата-аналар үшін балаларының шат-шадыман көңіл күйін көрудің өзі үлкен қуаныш екенін жеткізді.

Евгений Курлыкин, шараны ұйымдастырушы:

Мен блогер де, миллионер де, жүргізуші де, әртіс те емеспін. Мен — осының бәрімен бөліскім келген қарапайым адаммын. Бастапқыда бұл бастаманы жай ғана өз қалауыммен қолға алдым. Адамдарға ұнады. Содан бері достарым да қосылып, бұл игі істі төртінші жыл қатарынан бірге жалғастырып келеміз. Біз үшін ең маңыздысы — балаларға қуаныш сыйлау. Адамдарға ұнайды, ал бізге мұндай шараны ұйымдастыру қиын емес. Керісінше, үлкен қуаныш сыйлайды. Бұд фестивальге қаламыздың өнерпаздары мен менің достарым қатысып келеді. Олар бұл бастаманы үнемі қолдап, өнер көрсетуге уақыт табуға тырысады. Әрқайсысының көмегі біз үшін өте маңызды. 

Мерекелік кештің маңызды бөлігі концерттік бағдарлама болды. Сахнада әндер шырқалып, бүлдіршіндерге арналған түрлі көрсетілімдер ұсынылды. Кішкентай көрермендер өнерпаздарға қолдау көрсетіп, музыка ырғағымен бірге көңіл көтерді. 

Бағдат Мұқамбаева, қала тұрғыны:

Концерт, әрине, өте керемет өтті. Балалардың қуанғанын көріп, өзімнің де көзіме жас келді. Балаларға қарап, қатты қуанып тұрмын. Шынымды айтсам, мұндай болады деп күтпеген едім. Бізді концертке арнайы шақырды. Балаларға сәттілік тілеймін! Өнерлерің өрге жүзсін, ән айта беріңдер, жарайсыңдар! Баршаңызға тек жақсылық тілеймін! 

Жиын соңында балалар сайқымазақтармен естелік суретке түсіп, сыйлықтарын алып, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Осындай жарқын шаралар шаһардағы балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі есте қаларлықтай өткізуіне өз үлесін қосып келеді.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу

Аймақтық телеарналар