Негізгі Жаңалықтар Өз ісінің білікті маманы

Өз ісінің білікті маманы

Әр күн нағыз маман иесіне асқан жауапкершілік жүгін жүктейді. Ал сол жүктің қаншалықты салмақты екенін өз ісіне адал маман жақсы түсінеді. Ерлан Садықановтың кәсібіне деген адалдығы оның әр ісінен көрініп тұрады. Себебі, құрылыста біліммен қатар, ұқыптылық пен жауапкершілік аса маңызды. Инженердің еңбегі кейде көзге көріне бермейді. Алайда кез келген берік ғимараттың артында дәл есеп, сапалы бақылау және білікті мамандардың маңдай тері жатыр.

Ерлан әр тапсырмаға жауапкершілікпен қарап, жұмыстың сапалы әрі белгіленген талаптарға сай орындалуына мән береді. Қауіпсіздікке, тәртіпке және құрылыс сапасына ерекше көңіл бөледі. 

Ерлан Садықанов, құрылыс компаниясының өндірістік-техникалық бөлімінің инженері:

Бір жобаның мерзімі әртүрлі. Бір жылдық, екі жылдық, тіпті үш-төрт жылға жоспарланған жобаларымыз бар. Барлығы жобаның ауқымына байланысты. Ең қысқа мерзімде жүзеге асатын жобалар да болады. 3-6 ай болған шығар. Егер 2017 жылдан бергі жұмыс тәжірибемді есептесек, шамамен 15-20 жобаға қатысқан шығармын. Олардың қатарында бірнеше «Жайлы мектеп» жобасы бар. Сонымен қатар Ақтоғайдағы кен орыны бар. су құбырларын жаңарту, ауылдар мен елді мекендердегі, сондай-ақ қалалардағы инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына қатыстым. 

Әке жолын қуып құрылыс саласын таңдаған азамат өз ісіне адал. Еңбек жолында құрылыстың түрлі саласында жұмыс істеген ол үшін басты ұстаным сапа мен қауіпсіздік.  

Раушан Ризабекқызы, Е.Садықановтың анасы:

Әкесіне қарап көп нәрсені үйренді. Құрылысшыға өзім барам деп сол мамандықты таңдап қазір енді қызым да бұйырса келесі жылы мектеп бітіреді. Оған да айтады сен құырылысшыға бар деп. Мамандығын жақсы көреді. 

Еңбек — адамды шыңдап, өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын үлкен мектеп. Ал оның шынайы болмысын оның күнделікті өмірінен, жақындарына деген қарым-қатынасынан тануға болады. Ерлан туғандарына қамқор, жарына сүйеніш, баласына мейірімді әке.

Айгерім Садықанова, Е.Садықановтың жұбайы:

Жолдасымның мінезі өте жайлы. Бірақ жұмысқа келген кезде өз ұстанымын берік көрсетіп, қажет жерде мінезінің мықтылығын таныта білетін адам. Ал отбасында өте мейірімді. Маған да, баласына да деген мейірімі ерекше. Осындай адамның менің жолдасым, баламның әкесі болғанына қатты мақтанамын. Себебі баламның алдында үлгі тұтар адамы бар. Болашақта менің балам да әкесіндей мықты, арқа сүйер азамат болады деп сенемін. Бұған еш күмәнім жоқ. 

Ерлан Садықанов – еңбекті бағалайтын, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын нағыз еңбек адамы. Еңбекпен жеткен жетістік қашан да бағалы әрі берекелі. 

Салтанат Кеңесбекқызы

Бөлісу