Су мен жылу желілері жаңартылуда
Өңірде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыс бойынша жалпы құны 9,7 млрд теңгені құрайтын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде жылумен жабдықтау саласына 1,4 млрд теңге болатын 2 жоба, ал сумен жабдықтауға 3,5 млрд теңге болатын 3 жоба және сумен жабдықтау мен су бұру жүйесін автоматтандыруға 4,8 млрд теңге бағытталатын 1 жоба бар.
Аталған жобалардың барлығын 2027 жылға дейін аяқтау көзделген. Бұдан бөлек, 2027 жылы жалпы құны 68 млрд теңгені құрайтын 26 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.Оның ішінде жылумен жабдықтау саласында жалпы құны 22 млрд теңге болатын 14 жоба қарастырылған. Жаңғыртылатын желілердің жалпы ұзындығы 23,8 шақырым. Электрмен жабдықтау бағыты бойынша жалпы құны 42,6 млрд теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар аясында 226,6 шақырым электр желісін жаңғырту жоспарланған. Сонымен қатар, су бұру жүйесіне қатысты 2,3 млрд теңгелік 3 жоба іске асырылады. Олардың жалпы ұзындығы 2,6 шақырым.
Наталья Лукерина, «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының инвестициялық жобалар жөніндегі басшысы:
Ұлттық жоба аясында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» бағыты бойынша «Өскемен су арнасы» кәсіпорны сумен жабдықтау және су бұру жүйесін автоматтандыру жобасын жүзеге асыруға келісімшарт жасасты. Жоба кәсіпорынның барлық жүйесін толықтай жаңғыртып, автоматтандыруды көздейді. Атап айтқанда, барлық су алу құрылыстары, сорғы станциялары мен кәріз станциялары заманауи технологиялармен жабдықталады. Сонымен қатар, кәсіпорын базасында заманауи диспетчерлік орталық құрылады. Ол Өскемен қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерінің жұмысын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта олардың барлығы электронды платформаға енгізілген. Ал, Риддер қаласында су тұтынуды есепке алу жүйесін автоматтандыру және есептеу құралдарымен жабдықтауға арналған жоба қарастырылған. Оның жалпы құны 1,1 млрд теңге.
Досжан Ағыбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:
Энергетикалық және комуналдық секторларды жаңғырту ұлттық жобасы Президенттің тікелей таспырмасы бойынша 2024 жылы жасалған болатын. Оның аясында 1200 км электр желісін, 145 км жылу желілерін және 212 км сумен жабдықтау желілерін жөндеу көзделген. Жалпы басты мақсат инженерлік желілердің тозу деңгейін азайту және халықты тиісті қызметтер мен қамту.
Жалпы, бұл жобалар өңірдің инженерлік-коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртып, желілердің тозуын азайтуға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және тұрғындар үшін коммуналдық қызметтердің тұрақты әрі тиімді көрсетілуін қамтамасыз етуге бағытталған.