Өскемен әлеуметтік қызмет көрсету орталығына – 25 жыл
Глубокое ауданындағы Солнечное кентінде орналасқан Өскемен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының құрылғанына 25 жыл толды. Мерейтойлық шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты. Аймақ басшысы алдымен орталықтың тыныс-тіршілігімен танысып, мекеме аумағындағы Естеліктер аллеясын аралады.
Мерейтой аясында орталыққа жаңа шағын автобус табысталды. Бұған дейін мекеме тұрғындары облыс әкіміне Өскеменге қатынауды жеңілдететін көлік қажет екенін айтқан. Нәтижесінде ұсыныс қолдау тауып, көптен күткен көлік мерейтойда орталыққа сыйланды. Жаңа темір тұлпар мұндағы 112 тұрғынның облыс орталығына және өзге де қажетті бағыттарға қатынауын жеңілдетпек. Сонымен қатар мәдени және қоғамдық іс-шараларға қатысуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, аймақ басшысы аталған орталық қызметкерлеріне өз алғысын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қазіргі таңда 112 біздің ардагерлерміз тұрып жатыр. Олардың барлығы жан-жақты қолдау, сүйеніш алуда. Біздің орталықтың қызметкерлері әлбетте бар жанын сала отырып, осы үлкендерімізге жағдай жасауға тырысуда. Сол үшінде біз орталық қызметкерлеріне үлкен алғысымызды білдіреміз. Сіздердің осы үлкен адами қасиеттеріңіз үшін қандай қиыншылықтар болсада осы біздің үлкендерімізге қабақ шытпай барынша қолдау көрсетіп келе жатқандарыңызға.
Мерекелік жиында әлеуметтік салада еңселі еңбек етіп жүрген бірқатар маманның жұмысы ерекше ескерілді. Оларға салтанатты рәсім барысында аймақ әкімінің Құрмет грамоталары табысталды. Жиында орталықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерін алушы Тұрсын Құсанова да сөз алып, мекеме ұжымына көрсетіп отырған қамқорлығы мен қолдауы үшін алғысын білдірді.
Тұрсын Құсанова, зейнеткер:
Бізге бәр жағдай жасалған, төрт уақыт тамағымызды береді. Медбикелер күндіз түні жанымызда болады. Нешетүрлі бізге әлеуметтік қызметкерлер келіп, өздерінң қызметтерін көрсетеді. Төсек орын ауысып тұрады, киімімізді жуады. Әртүрлі қызметтер бұларда жүріп жатыр. Қазақстанымыз жаңарып келе жатыр. Жаңарып өзгеріп келе жатыр. Менің ойлайтыным қарттар үйі аз болып, ата-аналарына қарайтын адамдар көп болса деймін. Біздің қарттарымыз семьясының немерелерінің жанында өмір сүрсін.
Өскемен арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты. Мекеме 25 жылдан бері ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға кешенді қолдау көрсетіп келеді. Мұнда тұрғындарға медициналық және тұрмыстық көмек көрсетіліп қана қоймай, олардың шығармашылықпен айналысуына, мәдени іс-шараларға қатысуына және бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасалған.