Шетелдік инвесторларға өңір мүмкіндігі таныстырылды
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Марқакөл ауданына жұмыс сапары барысында шетелдік инвесторлармен және халықаралық серіктестермен кездесті. Басқосуда инвестиция тарту, туризмді дамыту, денсаулық сақтау және өндіріс салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Өңір басшысы Аустрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахермен, сондай-ақ қытайлық YEMA және Altay Xinji International Trade компанияларының өкілдерімен жүздесті.
Жиынның мақсаты - Шығыс Қазақстанның инвестициялық және туристік әлеуетін таныстырып, халықаралық әріптестікті нығайту. Тараптар жаңа өндіріс орындарын ашу, туристік инфрақұрылымды дамыту және өңір экономикасына инвестиция тарту бағытындағы жобаларды талқылады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қазір облысымыздың дамуы қарқынды жүріп жатыр. Өңірде металлургия саласын дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Бірқатар нысандарды аралап көрдік. Алдағы уақытта жаңа кәсіпорындар іске қосылып, өндіріс көлемі арта түседі. Сонымен қатар туризмді дамытуға зор үміт артып отырмыз. Бұған қажетті табиғи әлеует жеткілікті. Көркіне көз тоймайтын Марқакөл көлі мен оны қоршаған әсем таулар – өңірдің басты байлығы. Сондықтан әлеуетті инвесторларды осы жерге келіп, мүмкіндіктермен танысуға шақырамыз. Демалыс орындарын салуға барлық жағдай бар. Мұндай нысандар жыл он екі ай туристерге қызмет көрсетіп, аудан экономикасының дамуына серпін береді.
Облыс әкімі Аустрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Андреа Бахермен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды. Кездесуде инвестиция, денсаулық сақтау, туризм және экономика салаларындағы байланыстарды дамыту, сондай-ақ заманауи оңалту орталығын салу жобасын жүзеге асыру жайы сөз болды.
Андреа Бахер, Аустрия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің шақыртуымен Марқакөлге келдім. Кездесу барысында Аустрия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқыладық. Бұл – Шығыс Қазақстанға үшінші сапарым. Өңірдің экономикалық, туристік және адами әлеуеті өте жоғары. Сондықтан бұл аймақ аустриялық кәсіпкерлер үшін ерекше қызығушылық тудырады деп ойлаймын. Биыл қаңтар айында Шығыс Қазақстанға туризм саласы бойынша экономикалық миссия ұйымдастырылды. Аустрия – туризмді дамытуда мол тәжірибесі бар мемлекет. Сол себепті туризм саласындағы әріптестік Қазақстанмен ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді.
Бұдан бөлек, өңір басшысы «Manka» тау-кен компаниясының жұмысымен танысты. Кәсіпорын өкілдері өндірісті кеңейту, минералдық қор көлемін ұлғайту және жаңа фабрика салу жоспарларын таныстырды.
Александр Бабий, «Manka» тау-кен компаниясы ЖШС директоры:
Компаниямыздың көрмесін таныстырып, алдағы даму бағыттарын айқындадық. Қазіргі барланған қорлар кәсіпорынның 2032 жылға дейін тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Алдағы екі жыл ішінде қор көлемін ұлғайтып, өндірістің жұмыс мерзімін тағы шамамен он жылға ұзартуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ 2026–2027 жылдары және 2028 жылдың басында іске қосылатын жаңа фабрика құрылысына 25 миллиард теңге инвестиция салу көзделген. Жоба аясында 2032 жылға дейін бюджетке шамамен 46 миллиард теңге көлемінде салық түседі деп күтілуде. Бұл қаражат өңір экономикасының өркендеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына өз үлесін қосады.
Жұмыс сапары барысында өткен кездесулер мен өндірістік нысандарды аралау өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған нақты қадамдардың жалғасып жатқанын көрсетті. Халықаралық серіктестікті кеңейту, өндіріс пен туризмді қатар дамыту арқылы Шығыс Қазақстанның экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік мол.
Нұртас Қайролдаев