Асық атудан ел чемпионаты
Облыс орталығында асық атудан 2006–2009 жылы туған жастар арасындағы Қазақстан Республикасының командалық чемпионаты өтті. Өскеменде алғаш рет ұйымдастырылған жарыс ұлттық спортты дамытуға және жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға бағытталды. Сайыс еліміздің әр өңірінен келген жас мергендердің басын қосып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.
Чемпионатқа еліміздің 12 өңірінен 12 команда, 70-ке жуық спортшы қатысты. Алғаш рет ұйымдастырылған республикалық дода жаңа форматта өтіп, қатысушылар командалық есепте бақ сынады. Жарыс барысында спортшылар дәлдік пен мергендікті ғана емес, жоғары дайындық деңгейі мен тактикалық шеберліктерін де көрсетті. Әр кезең тартыстысқа толы болды.
Берік Сапарғали, аға жаттықтырушы:
Республикалық асық федерациясының мақсаты қазақтың осы спорт түрін Шығыс Қазақстанда дамыту- ең бірінші мақсатымыз. Одан кейін жастарға үлгі болып, үйрету. Одан кейін осындай жарысты өткізуге көмектесіп жатқан дене шынықтыру дене шынықтыру басқармасына алғыс білдіргім келеді. Осыдан ары қарай жалғаса берсін.
Республикалық чемпионат жас спортшылардың өзара тәжірибе алмасуына және ұлттық спорттағы шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік берді. Әр өңірдің намысын қорғаған командалар үшін бұл дода алдағы жарыстарға дайындықтың маңызды кезеңдерінің бірі саналады.
Талғар Әбілхан, жарысқа қатысушы:
Осы жарысқа ұзақ дайындалдым. Командаммен келдім. Бәріміз жақсы дайындалдықпен келдік. Осының алдында Қостанайда өткен Қазақстан чемпионатында екі бала бірінші орын алдық.Соны қайтадан қайталаймыз деген үмітіміз бар бірінші орыннан.
Жарыс қорытындысы бойынша Жамбыл облысының құрамасы жеңімпаз атанды. Павлодар облысының командасы екінші орынды иеленсе, Түркістан облысының спортшылары үздік үштікті түйіндеді. Ұйымдастырушылар мұндай республикалық чемпионаттар ұлттық спортты дамытуға және жас спортшылардың шеберлігін шыңдауға ықпал ететінін атап өтті.
Бекарыс Энгельс