Негізгі Жаңалықтар «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығына 50 жыл толды

«Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығына 50 жыл толды

Биыл Оңтүстік Алтайдың інжу-маржаны саналатын «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығына 50 жыл толды. Жарты ғасырдан бері бірегей табиғи аумақты сақтап келе жатқан мекеменің мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қорықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Табиғат пен адам үндестігін айшықтаған мерейтойлық шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы келді. Аймақ басшысы алдымен қорықтың материалдық-техникалық базасын көріп, табиғатты қорғау бағытында қолға алынған жұмыстарға оң бағасын берді. Сонымен қатар қорық аумағында өткен ағаш егу рәсіміне қатысып, табиғатты сақтаудың маңызын атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осы жарты ғасыр бойы қорық қызметкерлері оңтүстік Алтайдың эко жүйесін, марқакөл көлінің табиңи байлығын көзінің қарашығындай сақтап бүгінге жеткізіп отыр. Олардың қажырлы еңбегі, кәсіби біліктілігінің арқасында біздің асыл мұрамыз сақталып болашаққа беріліп келе жатыр. Үлкен туристтік іс шара мен мемлекеттік табиғи қорымыздың 50 жылдық мерейтойы қатар кеп отыр барлығы құтты болсын дейміз. 

Мерейтой аясында табиғатты қорғау ісіне сүбелі үлес қосқан мамандар марапатталды. Ұзақ жылдар бойы қорықтың дамуына еңбек сіңірген қызметкерлерге алғыс хаттар мен арнайы наградалар табысталып, олардың еңбегі көпшілік алдында жоғары бағаланды.

Аслан Бөлкебаев, «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығы директорының орынбасары:

Біз үшін, қорық үшін ол үлкен жетістік. Үлкен стимул. Үйткені республика деңгейінде, дүние жүзі бойынша да біз туралы соңғы кезде естіп жатыр біліп жатыр. Міне материалдық техникалық базамыз да күшейіп отыр. Министр экологийдің арқасында. Қорық аумағында апаттар мен өрттер шыққан кезде көмектесетін осы материалдық техникалық базамыз жақсарды қазір жаңарды. 50 жылда көптеген жетістікке жеттіғой қорықтың жағдайын айтатын болсақ. 

Осы табиғатты қорғау саласында марапатталғандардың қатарында Барлыбай Жапабайұлы да бар. Оның «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығында жұмыс істегеніне 9 жылдан асқан. Осы уақыт аралығында қоршаған ортаны қорғауға сүбелі үлес қосып, аянбай еңбек етуде. 

Барлыбай Жапабайұлы, «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы:

Қорықтың 50 жылдығына орай мерекелік шаралар өтіп жатыр. Осыны ұйымдастырған басшылық құрамға көп рахмет. Менің еңбегімді бағалап марапаттап жатыр. Әкімшілік тарапына да, мемлекетке де көп-көп рахмет айтамын. 

Николай Краснопеев, «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығының инспекторы:

Мерекелік шараны жоғарғы деңгейде ұйымдастырған басшылық құрамға алғысымды білдіремін. Барлығы өте жақсы өтті, марапатқа ие болғанымызға қуаныштымыз. Қорық жыл сайын дамып келеді. Материалдық-техникалық базасы нығайып, жұмыс істеуге барлық жағдай жасалуда. Осы ретте қорық басшылығына және қолдау көрсетіп отырған мемлекет басшыларына ризашылығымды білдіремін. Бізге сенім артып, еңбек етуге мүмкіндік бергендері үшін рақмет. Қорықтың табиғаты да, жануарлар дүниесі де өте бай. Мұнда аю, марал, бұлан, елік секілді көптеген аң-құс мекендейді. Осындай табиғи байлықты сақтап, қорғау – бәріміз үшін маңызды міндет.

Бұдан бөлек, облыс әкімі қорық мұражайын аралап, Марқакөлдің табиғи байлығын танытатын жәдігерлермен танысты. Мұнда өңірдің сирек аң-құстары мен өсімдіктер дүниесі кеңінен насихатталған. Ал көлдің басты ерекшелігінің бірі – әлемде өте сирек кездесетін майқан балығы.

Айым Оралғазина, «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығы мұражайының нұсқаушысы:

Марқакөл қорығы табиғи байлығымен ерекшеленеді. Қорық аумағында құстардың 238 түрі тіркелсе, оның 19-ы Қызыл кітапқа енген. Ал сирек кездесетін жануарлардың қатарында қар барысы мен тас сусарысы бар. Бүгінде мұнда өсімдіктердің 730 түрі өседі. Жақында ғана Ғылыми зерттеулер нәтижесінде бұрын тіркелмеген өсімдік түрлері де анықталып отыр. Қорық мамандары алдағы уақытта жануарлар мен жәндіктер дүниесін зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ. Марқакөлдің басты табиғи бренді ол майқан балығы. Эндемик санатын бұл балық Канада елінде және біздің Марқакөл көлінде ғана кездеседі кездеседі.

Бүгінде «Марқакөл» мемлекеттік табиғи қорығында 52 маман еңбек етеді. Жарты ғасырдан бері табиғатты қорғау ісіне үлес қосып келе жатқан ұжым өңірдің бай биоалуантүрлілігін сақтап, оны келер ұрпаққа жеткізу жолында жұмыс атқаруда.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу