Облыс орталығында тоғыз күнге созылған «Oskemen Open 2026» халықаралық шахмат фестивалі аяқталды. 29 шілдеде турнирдің салтанатты жабылу рәсімі өтті. Биылғы жарыс барысында қатысушылар барлығы 900-ге жуық партия өткізді. Дүбірлі додаға 199 спортшы қатысты. Халықаралық шахмат фестивалі Өскеменде үшінші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Турнир Қазақстан шахмат федерациясы ҚР Туризм және спорт министрлігі, ШҚО әкімдігі және бірқатар серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.

Masters санатында ресейлік Андрей Есипенко жеңімпаз атанды. Ол тоғыз турдың қорытындысы бойынша жеті ұпай жинады. Екінші орынға халықаралық шебер Полина Шувалова тұрақтаса, үздік үштікті Давид Паравян түйіндеді. Төртінші орын Лев Зверевке бұйырды. Байрақты бәсеке барысында Қазақстанның жетекші шахматшылары да жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Әбілмансұр Әбділқайыр, шахматшы (Шымкент қ.):

Осы жарыста 1 орын алып тұрмын. Жасым 22 де. Шахметпен айналысқаныма 16 жыл болды. Жарыс өте жақсы өтті. Ең қиын моменттер жарыстың соңында болды. Ең мықты қарсыластардан өтіп, бірінші орын алып тұрмын. 

Андрей Есипенко, шахматшы (Ресей):

Бұл өте мықты турнир болды. Жалпы, бұл – менің Қазақстандағы классикалық шахматтан қатысқан екінші жарысым. Алғашқысы шамамен бір жарым ай бұрын Ақтөбеде өткен еді. Ол жерде ойыным сәл сәтсіздеу болып, жетінші орын алғанмын. Ал, бұл турнир өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Төрт партияны тең нәтижемен аяқтадым, жалпы алғанда, жақсы ойын өрнегін көрсеттім. Әрине, кез келген турнирде жеңіске жету ерекше әсер сыйлайды. Сондықтан бұл жарыс мен үшін үлкен эмоцияға толы болды.

Қазақстан құрамасының атынан Денис Махнёв, Алдияр Ансат, Қазыбек Ноғербек, Рамазан Жалмаханов, Әлішер Сүлейменов, Эдгар Мамедов және халықаралық шебер Даниял Сапенов қатысты. Әйелдер арасында халықаралық шебер Полина Шувалова, Лия Құрманғалиева, Әсел Серікбай, Аланна Берікқызы, Аяру Алтынбек және Аяулым Қалдарова бақ сынады.

Алекс Кудинов, Қазақстан шахмат федерациясының ШҚО бойынша атқарушы директоры:

Осындай ірі турнирді жоғары деңгейде ұйымдастыруға қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, спорт басқармасына алғыс айтқым келеді. Сонымен қатар, бізге тұрақты түрде қолдау көрсетіп келе жатқан Grand Games пен Kazzinc компанияларына ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта бұл турнирдің ауқымы одан әрі кеңейіп, қатысушылар саны арта түседі деп сенеміз. Халықаралық деңгейдегі ойыншылар ұйымдастыру жұмыстарына жоғары баға беріп жатыр. Қазіргі уақытта қазақстандық шахматшылар әлемдік аренада жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл – Қазақстан шахматы үшін үлкен жетістік. 

Masters турнирінде әлемнің 16 елінен келген 77 шахматшы бақ сынады. Олардың қатарында 22 гроссмейстер, бір әйелдер арасындағы гроссмейстер және 29 халықаралық шебер болды. Ал, Open турнирінде 122 спортшы өнер көрсетті. Masters турнирінің басты фавориттері қатарында халықаралық деңгейдегі танымал шахматшылар болды.

Асқар Можанов, Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Мен шахматты да, шахмат шеберлері мен гроссмейстерлерді де ерекше құрметтеймін. Алдағы уақытта Өскеменде балалар арасында өтетін халықаралық турнирді де қабылдағымыз келеді. Құрметті қатысушылар, жарыстың аяқталуымен баршаңызды құттықтаймын. Жеңімпаздарды жеткен жетістіктерімен құттықтаймын. Ал жүлдеге іліге алмаған спортшыларға көбірек жаттығып, жеңіске деген ұмтылысты арттыруға тілектеспін. Алдағы уақытта құрмет тұғырының биігінен көрінулеріңізге тілектеспін.

Турнирдің жалпы жүлде қоры 50 миллион теңгені құрады. Оның 45 миллион теңгесі Masters турниріне, ал 5 миллион теңгесі Open турниріне бөлінді. Жарыстар тоғыз турдан тұратын швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылды. «Oskemen Open 2026» турнирі Қазақстан кубогының екінші кезеңі саналады. Ал, кубоктың үшінші кезеңі қазан айында Атырау қаласында өтсе, финалдық сын желтоқсанда Астанада ұйымдастырылады.

Фатима Тілейханқызы