Күршім ауданында Балықшылар күні кең көлемде аталып өтті. Мерекелік шараға кәсіп ардагерлері, сала мамандары, аудан тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жиын барысында үздік балықшылар марапатталып, көпшілікке арналған концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Мерекелік шараға Күршім ауданының әкімі Мейржан Альбеков арнайы қатысып, барша балықшыларды мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табыстады.

Мейржан Альбеков, Күршім ауданының әкімі:

Біршама спорттық ойындар өтеді. Бұл ойындарға «Төре-Тоғам» балық зауыты демеушілік жасап отыр. Ауылдық округтер келіп, өздерінің киіз үйлерін тігіп, дастархандарын жайып, балықшыларға үлкен бір мерекелік көңіл-күй сыйлайық деген ойда ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі таңда Күршім ауданында балық шаруашылығымен 13 кәсіпкер жұмыс істеп отыр. 400-ге жуық балықшы бар өзінің мерзімімен жұмыс істейтін. 

Бұдан бөлек, ауылдық округтер киіз үйлер тігіп, қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынды. Мерекенің мақсаты – балықшылық кәсіпті насихаттап, осы саланың еңбеккерлеріне құрмет көрсету.

Сымбат Әнуарбеков, «Бұқтырма» уылдырық шашу-өсіру шаруашылығының директоры:

Балықшы тойы – біздің ауданымыздағы үлкен күш жұмылдырылған, жұмысшылары бар, үлкен мекемелері бар үлкен кластер. Бүгінгі күні балықты өсіруден бастап, қорғауы бар, оны аулауы бар, оны өңдеуі бар барлық жағынан дамыған аудандардың бірі. 

Айта кетейік, өңіріміз балық шаруашылығы бойынша еліміздегі жетекші аймақтардың бірі саналады. Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Талғат Рахимжановтың айтуынша, алдағы уақытта саланың әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар жоба жүзеге асырылып, жұмыстар жалғасады.

Талғат Рахимжанов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы:

2021 жылы «Балық шаруашылығы» бағдарламасы қабылданнан бері облысымыз кәсіптік балық аулаудан тауарлы балық өсіруге қадам бастап келе жатыр. 2030 жылы жылына 10 мың тонна балық өсіру жоспарланған. Соған қазіргі күнде 2 мың тоннадан – 3 мың тонна арасында балық өсіріп отырмыз. Күршім ауданы да тауарлы балық өсіруге өз үлесін қосып жатыр.  

Ал Зайсан көлінің жағасында қоныстанған Жолнұсқау ауылының тұрғындары ата кәсіп – балықшылықты бүгінге дейін жалғастырып келеді. Ауыл халқының тұрмыс-тіршілігі мен табыс көзі осы көлмен сабақтас.

Сәби Болатхан, балықшы:

Отыз жылдан астам балық аулап келе жатырмын осы жерде. Балықтың барлық түр-түсін білемін. Өмір бақи балық аулағаннан кейін бәрін біліп келеміз. Балықтың түрлері судак, шортан, сазан, алабұқа деген балықтар ғой көбі. 

Шараға өңірдің түкпір-түкпірінен және өзге қалалардан келген қонақтар да қатысты. Олар Зайсан көлінің балығынан дайындалған тағамдардан дәм татып, фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Маржан Аспанбетова, Алматы қ. тұрғыны:

Мейрам тойымыз құтты болсын! Алматыдан кеше келдік. Өте керемет екен. Тамаша екен. Рахмет бәріне. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, салтанатты шара алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын табады.