Зайсан қаласының 155 жылдық мерейтойы аясында аудан орталығында облыстық ақындар айтысы өтті. Ұлттық сөз өнерін ұлықтаған дүбірлі додаға өңірдің суырыпсалма ақындары қатысып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Айтыскерлер ел бірлігі, туған жердің тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін жырға қосты.
Сөз барымтасында жүйріктердің ой ұшқырлығы айқын көрініп, сахнада нағыз өнер мерекесі орнады. Дүбірлі додаға белгілі ақын Серік Қуанған төрағалық етіп, қатысушылардың өнеріне әділ бағасын берді.Бұдан бөлек, қазылар алқасының құрамында қазақ поэзиясының көрнекті өкілдері мен әдебиет жанашырлары болды. Өңірдің әр ауданынан іріктелген ақындар осылайша өз ара кім мықтыны анықтады.
Қуаныш Еркін, айтыскер ақын:
Бүгін міне Зайсанның төрінде облыстық айтыс өтіп жатыр, Өскемен қаласынан келіп қатысып жатырмыз осы айтысқа. Осы Зайсанның мықты ақындарынң бірі Қуатбек Қуанар деген ақынымен жаңа ғана айтысып түстік. Айтысымыз құдайға шүкір, Алла қалап абырой беріп үлкен бір ойымыздағыдай айтыс болып бітіп жатыр. Енді әрі қарай өзіміздің шешімімізді алға кім өтеді деген ішкі алаң тұр. Келесі айналымға өтіп жататын болсақ ол жерде де жақсы өнер көрсетеміз деп ойлаймын.
Айтыс барысында ақындар елдің бірлігі, туған жердің тарихы, ұлттық құндылықтар мен бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін жырға қосып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Дәстүрлі додаға тек азулы айтыскерлерден басқа, солардың жолын жалғап келе жатқан жас ақындар да өз өнерлерін ортаға салды.Солардың бірі Зайсанның намысын қорғаған ең жас айтыскер ақын Айғаным Балғабай.
Айғаным Балғабай, айтыскер ақын:
Осы өтіп жатқан Аламан айтыстың ең жас қатысушысымын. Бұл үлкендермен аға буынмен айтысу, бір бәйгеге қатар шығу бір сахнаны бірге бөлісу мен үшін үлкен мүмкіндік, үлкен жауапкершілік, үлкен абырой. Айтыс өте жоғары деңгейде өтіп жатыр деп айтааламын. Бір қызығы осы айтысқа қатысушылардың бес айтыскер ақын Ардабек аға, Қуатбек ағам, Нәрия әпкеміз, Ұларбек ағам және мен ауданымыздың бас ақыны, Сейілханов Қазыбек ағамыздың шәкіртіміз. Сол кісінің үмітін ұстаздық батасын орындасақ ақтай алсақ бізге содан асқан абырой жоқ.
Осылайша аға буын мен жастардың басын қосқан байрақты бәсеке жоғары деңгейде өтіп, барша қала тұрғындарын ұлттық өнер мен сусындатты. Ақын жазушылар мен спорт саңлақтары шыққан Зайсанда сөз шеберлерінің сайысы жоғары деңгейде өтті. Қатысушылар да өз қарсыластары жайлы сөз қозғап, өнерін бағалады.
Нәрия Ақбаба, айтыскер ақын:
Бүгінгі айтыстағы қарсыласым Айдос Рашатұлы деген ақын халықаралық айтыстарға шығып жүрген жақсы ақын. Сол жездеммен жазде мен балдыздың айтысын шығарамыз деген ойдамын. Жалпы Зайсан қаласында көптен бері айтыс өтпеген. Өзім осы Зайсан қаласынкі боламын. Ел қуанып қарсы алып жатыр. Зайсан қаласының 155 жылдығына орай өтіп жатыр, ақындарға сәттілік тілейміз.
Зайсанның 155 жылдық мерейтойына арналған облыстық айтыс ұлттық өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Сөз додасында үздік өнер көрсеткен ақындар арнайы марапатталып, ақшалай сыйлықтарға ие болды. Жыр сайысы жас буынның ұлттық өнерге қызығушылығын арттырып, қазақ айтысының мәртебесін тағы бір биіктете түсті.