Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен инвестиция тарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен өңір әкімдері қатысып, ірі жобалардың іске асырылу барысын талқылады. Сондай-ақ өңірлердің инвестициялық әлеуетін арттыру мәселелері қаралды.

Жиында өңір басшысы жауапты мекемелерге барлық жобаның уақытылы әрі сапалы іске асырылуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ жаңа бастамаларды қолға алып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмысты күшейтудің маңызын атап өтті. Бұл аймақтың тұрақты дамуына және жаңа жұмыс орындарының ашылуына оң ықпал етеді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Тиісті инвестициялық жобалар уақытында сапалы жүзеге аса беруі керек. Қосымша инвестициялық жаңа жобалар тарту жөніндегі жұмысты күшейтуіміз керек. 

Бүгінде облыстың инвестициялық қоржынында жалпы құны шамамен 1,5 триллион теңгені құрайтын 102 жоба бар. Жыл басынан бері өңірге 377 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартылған.

Ержан Сембинов, Облыстық туризм басқармасының басшысы:

Өздеріңіз білетіндей, облысымыздың инвестициялық қоржынында жалпы құны шамамен 1,5 триллион теңгені құрайтын 102 жоба бар. Биылғы жылдың алғашқы алты айында 377 миллиард теңге көлемінде сыртқы инвестиция тарттық. Әрине, жұмыс жалғасып жатыр. Дегенмен біз бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізуді көздейміз. Себебі бүгінгі таңда инвестиция тарту – басқармамыздың ең маңызды әрі басым бағыттарының бірі. Қазіргі уақытта Қытай Халық Республикасымен, Ресей Федерациясымен және Түркия Республикасымен белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Жыл соңына қарай инвестиция тарту жоспары бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткіземіз деп сенемін.

Бұдан бөлек, жиында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Дархан Сапанов Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары ретінде тағайындалды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, инвестициялық тартымдылықты, инфрақұрылым қауіпсіздігін нығайту бағытында ауқымды міндеттерді тиімді жүзеге асыруға қабілетті тәжірибелі басшы ретінде облыс әкімінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалып отыр. Жұмысыңызға сәттілік. 

Дархан Сапанов 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында дүниеге келген. Жоғары білімді инженерия, менеджмент және іскерлік әкімшілендіру бағыттары бойынша білім алған. Еңбек жолын 2007 жылы бастап, энергетика және мемлекеттік басқару салаларында түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Ұзақ жылдар Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде, кейін Президент Әкімшілігінде мемлекеттік инспектор болып еңбек етті. 2023 жылдың ақпан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Мемлекеттік қызметтегі жемісті еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

Кәусар Идаятқызы