Түсті металлургияның ірі орталығы саналатын Риддерде Металлургтер күні салтанатты түрде аталып өтті. Еңбек адамын ұлықтаған мерекеге қала тұрғындары мен өндіріс ардагерлері қатысты. Ауқымды шараны «Казцинк» ЖШС ұйымдастырды.
Дәстүрге сай мерекелік шара үздік металлургтерді салтанатты марапаттау рәсімімен басталды. Мерекелік бағдарлама барысында «Казцинк» ЖШС бас директоры Жанат Жанботин құттықтау сөз сөйлеп, металлургтердің ел экономикасына қосқан үлесін атап өтті. Шара барысында өндіріс саласының дамуына сүбелі үлес қосып, ұзақ жылдар бойы адал еңбек еткен мамандарға мемлекеттік және ведомстволық наградалар, Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табысталды. Марапат иелері қатарында кен өндіру, металлургия және байыту кәсіпорындарының үздік қызметкерлері бар.
Андрей Кирсантов, Құрмет грамотасының иегері:
Осындай жоғары марапатқа ие болғаныма өте қуаныштымын. Бұл – компаниямыздың бас директоры табыстайтын ең жоғары марапаттардың бірі. Осы ұжымда 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келемін. Барша әріптестерімді Металлург күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ең алдымен, баршаңызға қауіпсіз еңбек, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Компаниямыздың еңбек ұжымына және елімізге әрдайым өсіп-өркендеу мен толайым табыс тілеймін.
Архат Назарханов, «Риддер-Сокольный» кенішінің маркшейдері:
Металлургтер күнімен барлық «Казцинкта» және кен орнында жұмыс істейтін жұмысшыларды құттықтаймын! Еңбектерінің жемісін көрсін. Отбасыларына амандық, жұмыстарына табыс тілеймін!
Бүгінде Риддер – еліміздегі түсті металлургияның ірі орталықтарының бірі. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бұл саламен тығыз байланысты. Сондықтан, металлургтердің еңбегі тек өндірістегі жетістіктермен ғана емес, өңірдің өркендеуіне қосқан үлесімен де бағаланады.
Эдуард Классен, «Казцинк» ЖШС мырыш зауытының директоры:
Биыл біздің зауыт үшін ерекше жыл. Себебі мырыш зауытының құрылғанына 60 жыл толып отыр. Қазір біз, жас буын өкілдері, осы өндірістің игі дәстүрін жалғастырып келеміз. Зауытты одан әрі жаңғыртып, заманауи талаптарға сай дамытып, болашақ ұрпаққа табыстауды мақсат етеміз. Бүгін кәсіпорнымыздың бес қызметкері жоғары марапаттарға ие болды. Оның бірі – мемлекеттік награда, қалған төртеуі – компанияның бас директорының марапаттары. Бұл марапаттардың барлығы өз иелеріне лайықты берілді. Бүгін «Қазцинк» кәсіпорындары бойынша 30-ға жуық қызметкер ең жоғары марапаттарға ие болды.
Салтанатты бөлімнен кейін мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Қала тұрғындары мен қонақтарына жергілікті өнерпаздармен қатар, қазақстандық эстрада жұлдыздары көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сахнада «Мадагаскар» шоу-тобы, «Алтай» би ансамблі және өзге де шығармашылық ұжымдар өнер көрсетті. Ал, «Do Mi No» тобы көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді.
Мерекелік бағдарлама қала алаңында кешке дейін жалғасты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар еңбек адамының мәртебесін арттырып қана қоймай, қала тұрғындарының басын қосып, бірлік пен ынтымақты нығайтуға ықпал етеді.
Фатима Тілейханқызы