Облыстық мәслихаттың кезекті 29 сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы саяси науқандарға қатысты маңызды мәселелер қаралды. Жиынға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов, мәслихат төрағасы Денис Рыпаков, депутаттар, басқарма басшылары және қала-аудан әкімдері қатысты.

Сессия барысында облыс әкімі Конституциялық реформалардың елдегі саяси жаңғырудың жаңа кезеңін қалыптастырғанын атап өтті. Оның айтуынша, Ата Заң халықтың мемлекеттік маңызы бар шешімдерге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, әділеттілік, ашықтық және мемлекеттік органдардың есептілігі қағидаттарын нығайтады. Осыған байланысты өңір басшысы алдағы Құрылтай сайлауының маңызына тоқталып, сайлау үдерісінің заңдылығы, ашықтығы мен барлық қатысушыларға тең мүмкіндік берілуі басты назарда болатынын айтты.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Сайлау үдерсінің заңдылығын ашықтығын, жариялылығын және барлық қатысушылар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамның сенімін нығайтып, азаматтық бірлікті күшейту. Алдағы Құрылтай сайлауында шығысқазақстандықтар дәстүрлі түрде жоғары азаматтық белсенділік танытады деп сенемін. Сондықтан біз барлық күш-жігерімізді жұмылдырып, саяси бейтараптық қағидатын қатаң сақтай отырып, кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуіміз қажет.

Сондай-ақ, Нұрымбет Сақтағанов халықаралық «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалінің жоғары деңгейде өткеніне тоқталды. Оның айтуынша, бұл шара Катонқарағай ауданының туристік әлеуетін арттырып, өңір экономикасына жаңа серпін берген. Сондай-ақ аймақтағы өзге де табиғаты әсем, тарихы терең аудандарды дамыту мақсатында жаңа тапсырмалар мен ұсыныстар айтылды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осы өңірде жақсы жұмыс істеп, пайда тауып, екінші жағында әлбетте экалогияға және басқа бағытта да септігін тигізіп жатырсыздар. Соның өтемі ретінде жаңағы үлкен базаларды саласақ. Бірінші кезекте Марқакөл Риддер, Алтай бар сүйтіп өзіміздің турситік әлеуетін көтеруге үлес қоссақ. 

Жиын қорытындысында алдағы Құрылтай сайлауын заң талаптарына сай ұйымдастыру, туризмді дамыту және инвестициялық жобаларды қолдау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру міндеттері айқындалды.

Нұрдәулет Қалибеков