Аймақта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясында «Мөлдір Бұлақ» республикалық акциясы өтті. Шара барысында өңірдегі табиғи бұлақтардың көзі тазартылып, айналасы абаттандырылды.

Облыс орталығының іргесіндегі Шешек асуы өскемендіктердің сүйікті демалыс орындарының бірі. Жолаушылар мен саяхатшылар да бұл жерге аялдамай өтпейді. Сондықтан мұнда қоқыс та аз емес. Дегенмен экалогиялық акцияға жиналған 200-ге жуық ерікті бұлақтың айналасын тазалап, санитарлық жұмыстар жүргізді. 

Әнуар Өскенбаев, «Қазсушар» РМК бас директоры:

Акцияның мақсаты – жаңа бұлақтардың көзін ашу, қараусыз қалған бұлақтарды қалпына келтіріп, абаттандыру және халықтың олардан су ішіп, пайдалануына мүмкіндік жасау. Қуаныштысы – тұрғындар бізді толық қолдайды. Біз бұлақтардың көзін ашқан барлық елді мекендерде халық бұл акцияға белсенді әрі ықыласпен қатысып жатыр. Бірінші кезеңнің өзінде 36 бұлақтың көзін аштық.

Ел көлемінде өткен акция барысында 58 бұлақ пен 33 су нысаны тазартылды. Экологиялық бастамаға мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, еріктілер және су шаруашылығы саласының ардагерлері қатысты.

Ернар Мәдиев, «Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Ертіс бассейндік инспекциясы» РММ басшысының орынбасары:

Бұл жерге бір-екі, үш тал егіп, алма ағашын. Өйткені тал егетін кезең өтіп кеткенмен, соның жағасына егейік деп отырмыз, алма ағашын. Бүгінгі акцияға еріктілер тобы, студенттер, оқушылар және сол инспекцияның мамандарымен, «Қазсушар» бөлімінің мамандары, университеттің мұғалімдері және оқушылар қатысуда. Мақсатымыз бүгін осы жердің шөбін шауып, қоқыстарын тазалап шығару. Келешекке «Мөлдір бұлақ» деген атаумен, бұлақтарымыз таза болсын деген ниетпен, тілекпен тазалаудамыз.

Акцияға қатысушылардың қатарында су шаруашылығының ардагері Сайлау Тохтаров та бар. Ол бұл салада қырық жылдан астам еңбек еткен.

Сайлау Тохтаров, су шаруашылығы саласының ардагері:

Ұйымдастырып отырған сенбілік құтты болып, халықтың игілігіне болсын. Тазалық бәрімізге керек, тазалық өзімізден бастауымыз керек. 

Экологиялық бастамаға еріктілер де белсенді атсалысты. Олар үшін мұндай шараларға қатысу – игі дәстүр. «Мөлдір бұлақ» акциясының алғашқы кезеңіне де үлес қосқан еріктілер бұл жолы да табиғатты аялауға бағытталған бастаманы қолдады.

Дарена Виктор, ерікті:

Жалпы, осындай шараларға, «мөлдір бұлақ» акциясына біз бірінші рет қатысып тұрғанымыз жоқ. Осындай игі бастамалар арқылы біз өзіміздің еліміздің табиғатымыздың көркеюіне ат салысамыз. Осындай шаралар, акциялар жастарымыздың бір үлесі деп айта аламын. Ол бізге өте маңызды болып келеді. Өзіміздің табиғатымызды, қоршаған ортамызды қорғау – ол біздің міндетіміз деп айта аламын. 

Акцияға қатысушылардың қатарында қала тұрғыны Қадыржан Имбаев та бар. Ол сенбілікке отбасымен бірге келіп, табиғатты қорғау мәдениетін жас ұрпаққа үлгі арқылы дәріптеудің маңызын атап өтті.

Қадыржан Имбаев, қала тұрғыны:

Жолдасым «Казводхоз» мекемесінде жұмыс істегендіктен, осындай іс-шараға волонтер болып, жастарға үлгі болып, болашақты тазалап, табиғатты қорғауға осындай үмітімізді білдіріп тұрмыз. Енді қазақтың ақыны айтқандай, «Мың өліп, мың тірілген қазақпыз» ғой. Енді осындай дамыған кезде, жақсылыққа жол бастаған кезде, санамызды өсіріп, айналамызды қорғап, табиғатымызды қорғап, экологиямызды бағалауымыз керекпіз. Сол үшін осындай ниетпен келіп тұрмыз. 

 «Мөлдір бұлақ» акциясы табиғи су көздерін сақтап, олардың тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған. Ұйымдастырушылар мұндай экологиялық шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатынын айтады.

Кәусар Идаятқызы