Өскеменде тұрғын үй кезегінде тұрған 136 отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 30 жанұяға Ілияс Есенберлин даңғылында орналасқан жаңа пәтерлердің кілтін облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов салтанатты түрде табыстады. Аймақ басшысы алдағы уақытта да тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.
Жыл басынан бері облыс орталығында көпбалалы отбасыларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға және өзге де әлеуметтік осал топтағы азаматтарға 150-ден астам пәтер берілген. Жаңа пәтерге қоныстанған отбасылар Мемлекет басшысы мен облыс әкімдігіне алғыстарын білдіріп, көптен күткен қуаныштарымен бөлісті.
Алмагүл Теміржанова, қала тұрғыны:
Облыс әкімшілігіне, «Отбасы банкке» қолдау көрсетіп, ерекше жандарға баспана беріп жатқандарына рақмет айтамын. Бұл барлығының арманы. Бұл баспана – тұрақтылық, болашаққа деген сенім.
Мақсат Демеубай, қала тұрғыны:
Өте бір қуанышты күн болды. Қазақ айтады ғой «ақ түйенің қарыны жарылған күн» деп. Керемет! Үйдің сапасы. Барлығын көріп шықтық. Өте ризамыз.
Гүлжанар Смекенова, қала тұрғыны:
Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. 15 жыл пәтер кезегінде тұрдым. 2 бөлмелі пәтерге ие болып жатырмын. Балаларым да қуанып жатыр. Осындай қуанышқа барлығы бөлене берсін.
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі жаңа пәтерлерді аралап көріп, қоныс иелеріне жылы лебізін білдірді. Аймақ басшысы өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қазіргі уақытта Шығыс Қазақстанда 119 көпқабатты үйлер салынып жатыр. Бұл дегеніміз жылына 3 мыңнан пәтер пайдалануға беріліп отырады. Оның ішінде кредиттік үйлер, осындай мемлекеттік қолдауды қажет ететін жанұяларға арнайы салынған үйлер. Сондай-ақ, қараусыз қалған және жетім балаларға 152 пәтерді беріп жатырмыз. Бұл жұмыстар алда жалғасатын болады.
Баспаналы болған отбасылардың қатарында аз қамтылған және көпбалалы жанұялар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған азаматтар бар. Аймақта оларды тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып келеді.
Фатима Тілейханқызы