Алмасайда жаңа пәтерлердің кілті табысталды
Мемлекет басшысының ауылдарды дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, өңірде ауыл тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Облыс әкімінің қолдауымен Ұлан ауданының Алмасай ауылында жаңа пәтерлер пайдалануға беріліп, 7 отбасы баспаналы болды. Жаңа үйлер «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған. Толығырақ тілші материалында.
Ұлан ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жүйелі түрде жүзеге асып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында бағдарлама бойынша ауданның 10 ауылында және 1 кентінде 210 пәтер салынған. Жаңа үйлер көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтағы азаматтарға беріліп, ауыл тұрғындарының баспана мәселесін шешуде. Биыл аудан бойынша тағы 62 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Соның ішінде Алмасай ауылындағы 7 пәтердің кілті жаңа қоныс иелеріне табысталды.
Арман Бекбосынов, Ұлан ауданының әкімі:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылды дамыту мемлекеттің басты міндеттерінің бірі, ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру біздің басты мақсатымыз деп атап өткен болатын. Облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың қолдауымен бұл бағытта нақты жұмыстар атқарылып, оң нәтижелерге қол жеткізілуде. Баспаналы болған отбасыларға зор денсаулық. Отбасылық бақыт пен бақ береке тілеймін. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын. Шаңырақтарыңыз биік керегелеріңіз тең болсын. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын.
Жаңа үйлер тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті жағдайлармен толық жабдықталған. Баспаналарда ауыз су, электр желісі және кәріз жүйесі қарастырылған. Үйлердің ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары да толық аяқталған.
Тілек Қоңыров, «KTB-Kurylys» ЖШС директоры:
Осы Алмасай ауылында 5 үй 10 пәтер салдық. Үйлеріміз 70-85 шаршы метрден. Үйлерді жақсы сапалы салып бердік. Ішіне қарапайым үш құдықты пеш салдық. Есігін бөлек шығардық. Сыртын селикат кірпішпен қаптадық. Ішкі төбесі натяжной утиплениясымен. Жұмысты жаз мезгілінде бастағанбыз. Үш айдың ішінде салып бердік.
Қоныс тойын тойлағандардың қатарында төрт баланың анасы Гүлнұр Акимбаева да бар. Екі жылға жуық уақыт баспана кезегінде тұрған отбасы үшін бұл күннің орны бөлек.
Гүлнұр Акимбаева, көп балалы ана:
Бүгін кілтті табыстады. Біріміз қуаныштымыз. Балалар да қуанышты өте. Жақсы әрі жайлы жер. Екі жыл болды 2024 те тұрғам. Осы екі жыл ішінде береді деп ойлаған жоқпыз. Соған қуаныштымыз әрине.
Жаңа пәтер иелерінің бірі – «Күміс алқа» иегері Нұрзипа Сағымбаева. Ол кілтін алған бойда жаңа баспанасына көшіп келгендердің қатарында. Қажетті жиһаздарын жеткізіп, отбасымен жаңа үйге бірден жайғасқан.
Нұрзипа Сағымбаева, «Күміс алқа» иегері:
Үлкен құрметпен әкімшіліктен келіп кілт тапсырып үлкен мейрам ұйымдастырды. Өте қуаныштымын. Қолымдағы бір балам мен немерелеріммен осы үйге көшіп келіп отырмын. Өте қуаныштымын үкімет осындай көп қамқорлық жасап жатыр. Еліміз аман жұртымыз тыныш болсын. Көшіп көніп кіріп алдық. Суы бәрі бар. Жарығы бар. Ішінде кәріз жүйесі де жақсы. Үлкен кең әппақ. Бірі жақсы тамаша.
Алмасай ауылындағы тұрғын үй құрылысы мұнымен тоқтамайды. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында алдағы уақытта да ауыл тұрғындарына жаңа баспаналар беру жоспарланған. Қазір елді мекенде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл – ауыл халқын баспанамен қамтып қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі.