Негізгі Жаңалықтар Аула аумақтарын абаттандыру

Аула аумақтарын абаттандыру

Өз аулаларында қандай өзгерістер жасалатынын көп жағдайда тұрғындардың өздері айқындайды. Өскеменде мұндай бастамалар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады. Бұл - қала тұрғындарының ұсыныстары мен қажеттіліктерін ескере отырып, жергілікті бюджет қаражатын аулалар мен басқа да аумақтарды абаттандыруға бағыттауға мүмкіндік беретін тиімді құрал. Биыл облыс орталығындағы тоғыз аулада кешенді абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Солардың бірі – Михаэлис көшесінде орналасқан аумақ.

Михаэлис көшесіндегі аула тұрғындары үшін автотұрақ мәселесі, көлік қозғалысының қиындығы және балалардың ойнап, демалатын орнының жоқтығы ұзақ уақыт бойы өзекті болды. Екі үйдің тұрғындары бұл мәселелердің өздігінен шешілуін күтпей, жағдайды өзгертуге бел буды. Бастаманы Зарина Меркасимова қолға алды. Ол ұсынысты жүзеге асыру үшін идеяны әзірлеуден бастап, қажетті құжаттарды дайындауға дейінгі барлық кезеңнен өтті.

Зарина Меркасимова, қала тұрғыны:

Өйткені менің кішкентай балаларым бар, біздің аулада да балалар өте көп. Олардың ойнайтын жері болмады, балалар алаңқайы да, басқа да жағдай жасалмаған. Жалпы, аулада көп жылдан бері жөндеу және абаттандыру жұмыстары жүргізілмеген. Жолдардың жағдайы өте нашар болды, көлік жүретін жол тым тар болғандықтан, бір-бірімізге жол беріп, аулдан шығып кету қиын еді. Аула тұйық болғандықтан, кіреберісте қарсы келе жатқан көлікті өткізуге тура келетін. Көлікті қоятын орын да болмады.

Мұндай аулалар «Халықтың қатысу бюджеті» бағдарламасы арқылы кешенді абаттандыруға өтінім бере алады. Бірақ бұл үшін тек өтініш білдіру жеткіліксіз. Жүргізілетін жұмыстардың қажеттілігін дәлелдеп, жобаны барлық тұрғындармен келісу қажет. Ал бюджет қаражаты есебінен қандай жұмыстардың атқарылатыны аумақтың қазіргі жағдайына және ауланың техникалық мүмкіндіктеріне қарай анықталады.

Антонина Литвиненко, Өскемен қ. ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

Жыл сайын бюджет қаражаты есебінен аулаларды кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 2026 жылы кешенді абаттандыру жұмыстары 9 аулада жоспарланған. Олардың қатарында Михаэлис көшесі, 1, 3 және Абай даңғылы, 13, 15 мекенжайларындағы аулалар тобы да бар. Кешенді жұмыстардың негізгі түрлеріне әрдайым балалар және спорт алаңдарын, ересек тұрғындарға арналған демалыс орындарын орнату кіреді. Сондай-ақ, тротуарлар брусчаткамен төселеді. Бұдан бөлек, ауланың техникалық мүмкіндігіне қарай автотұрақ орындарын абаттандыру және кеңейту мүмкіндігі қарастырылады. Барлық жұмыстар тұрғындармен және коммуналдық қызметтермен келісіліп, қолда бар мүмкіндіктерге сәйкес жүргізіледі.

Бүгінде аула да айтарлықтай өзгерді. Көлік жүретін жолдар кеңейтіліп, балалар алаңы мен спорттық воркаут-аймағы орнатылды. Жаяу жүргіншілер жолына брусчатка төселіп, тұрғындарға арналған жаңа орындықтар мен беседкалар пайда болды. Қазір жұмыстардың соңғы кезеңі – аумақты тазалау және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Зарина Меркасимова, қала тұрғыны:

Ең алдымен, қаламыздың әкімі Алмат Талғатұлына алғысымды білдіргім келеді. Ол барлық істі соңына дейін жеткізіп, берген уәдесінде тұрады. Біз өте қуаныштымыз, алғысымыз шексіз. Сондай-ақ ТКШ бөліміне де ризашылығымды білдіремін. Олар да әрдайым қолдау көрсетіп, тұрғындардың ұсыныстарына құлақ асады, барлық сұрақтарға жауап береді. Барлық мекемелерге көрсетіп отырған қолдауы үшін алғыс айтамын. Құрылыс жұмыстары әлі аяқталған жоқ, сондықтан туындайтын мәселелер мен түрлі нюанстарды алдын ала талқылап, бәрін бірге шешіп жатырмыз.Тұрғындарымыздың барлығы риза. Автокөлік жүргізушілері де көліктерін жайлы қойып жүр. Енді аулада көліктер бір-біріне кедергі келтірмей еркін жүріп-тұра алады, яғни барлығына жеткілікті орын бар.

Мердігер ұйымның мәліметінше, жұмыстарды биылғы күзде аяқтау жоспарланып отыр. Соған қарамастан, тұрғындар жаңа аулада уақыттарын белсенді өткізіп жүр. Әсіресе балалар алаңы тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие.

Аяулым Усинова


Бөлісу

Аймақтық телеарналар