Спортшылар марапатталды
Спорт күні мерекесіне орай Самар ауданында спортшылар мен сала қызметкерлерін салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Облыс және аудан басшылығы атынан, сондай-ақ ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының атынан 40-қа жуық спортшыға Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталары табысталды.
Самар ауданында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Бүгінде мұнда 300-ге жуық адам спорттың түрлі бағыттарымен тұрақты айналысады. Ауданда ұлттық ойындармен қатар, волейбол, футбол, тоғызқұмалақ, баскетбол, үстел теннисі, шахмат, дойбы, қол күресі, гир спорты және воркаут секілді 15-тен астам спорт түрі дамыған.
Айбек Батырбеков, спортшы:
Облыс әкімі, аудан әкімі және біздің спорт кешені директорына жеке алғыс. Еңбегімізді бағалап, осылай шетте қалдырмай, марапаттап жатқанына үлкен рахмет. Футбол, волейбол, күрес спорттарын да шетте қалдырмай, барлығын қатты дамытып жатыр. Болашақта жас спортшылар биік шыңдарды бағындырады деген ойдамын.
Ауданда спорт ардагерлері де қоғамдық өмірден тыс қалған емес. Жиырмаға жуық ардагер спорттық шараларға белсенді қатысып, кейінгі буынға үлгі болып келеді.
Клара Нұрпейісова, ардагер журналист:
Отыз жылдай аудандық газетте тілші, жауапты хатшы болып жұмыс істегенмін. Сонымен қатар, спортты өзіммен бірге алып жүрдім. Менің негізгі хоббиім – шахмат пен шашки. Жыл сайын ауданның намысын қорғап, облыстық ойындарға барамын. Зейнеткерлер арасындағы жарыстарға қатысамын.
Самарда ат спортына да айрықша мән беріліп отыр. Бәйгеге шамамен аудан атынан 15 адам қатысады. Ал спортшылардың иелігінде 35-ке жуық жылқы бар. Соңғы бір жылда ауданның спорттық инфрақұрылымы да айтарлықтай жаңарған. Мұнда бассейн жұмыс істейді. Ал, Құлынжон ауылында «Ybyrai mektebi» базасында спорт кешенінің құрылысы аяқталған. Жұмба ауылында заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған спорт залы ашылды. Бұдан бөлек, Құлынжон мен Аққала ауылдарының тұрғындарына да салауатты өмір салтымен айналысуға мүмкіндік мол. Ауданның елді мекендерінде воркаут алаңдары мен шағын футбол алаңдары жабдықталған.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
Соңғы 2 жылда спорт кешендері салынды. Кішкентай ауылдардың өзінде спорт кешендері бар. Аулалардағы балалар алаңдарын салып жатырмыз. Мұның барлығы Президентіміздің тапсырмасына сәйкес спорттық инфрақұрылымды дамыту бойынша. Биыл Самар ауданы облыстық спартакиадада жақсы нәтиже көрсетті деп ойлаймын. Өздеріңіз білесіздер, Самар жаңадан құрылған аудан. Былтыр 13- орын алсақ, биыл 7-орынға жеттік.
Жаңарған спорт нысандары мен түрлі бағыттағы үйірмелердің көбеюі тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына мүмкіндік беріп отыр. Мамандардың айтуынша, бұл — салауатты өмір салтын қалыптастырып қана қоймай, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жасалған маңызды қадам.
Фатима Тілейханқызы