Өскемен - Шемонаиха бағытындағы жол аяқталуға жақын
Өскемен –Шемонаиха – Ресей шекарасына дейінгі жол – өңір үшін маңызды көлік дәліздерінің бірі. Автожолдың 30 шақырымы былтыр толық жөнделіп, пайдалануға берілген. Ал, биыл қалған 91 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс барысын тілші тарқатсын.
Көлік жүргізушілері талай жылдан бері тозған жолмен титықтап жүргендерін жасырмады. Автокөлік иелері үшін жол жөндеу жұмыстары – көптен күткен жаңалық. Себебі, жаңарған жол қатынасты ғана жеңілдетіп қоймай, көлік қауіпсіздігін де арттырмақ.
Анна Дмитриева, қала тұрғыны:
Жол өте жақсы. Ең бастысы, осы қалпында ұзақ сақталса екен. Қазір көлікпен жүру өте ыңғайлы. Бұған дейін жолдың жағдайы өте нашар болатын. Шемонаихадан қалаға екі-үш сағаттап жететінбіз. Қазір бір жарым- екі сағат ғана кетеді.
Жолды жөндеу кезінде арнайы технология қолданылады. Алдымен қолданыстағы жол төсемі ресайклинг әдісімен қалпына келтіріледі. Одан кейін екі қабат асфальтбетон төселеді. Жұмысты жедел әрі сапалы ұйымдастыру үшін бұл аралық үш нысанға бөлінген. Бірінші және екінші нысанда негізгі жұмыс біткен. Қазір жол жиектері ретке келтіріліп жатыр. Ал, үшінші нысанда жұмыс әлі де қарқынды жүріп жатыр. Мердігер ұйым «ОблШығысЖол» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі барлық жұмысты биыл аяқтауды көздеп отыр.
Нұрбек Тұраров, «ОблШығысЖол» ЖШС директорының орынбасары:
Бірінші учаскеде Өскемен мен Кожохова ауылының арасындағы 29 шақырымның жұмыстары толығымен аяқталды. Мұнда ресайклинг әдісімен өңделіп, асфальт төселді. Сонымен қатар, бұл жолмен Астана, Семейге жол ашылған. Бұдан бөлек, Қытай мен Ресей арасындағы халықаралық көлік дәлізі болып саналады.
Жоба аясында төрт су өткізу құбырын орнату, жол жиектерін нығайту және жол таңбаларын жаңарту да қарастырылған. Мамандардың айтуынша, жол сапасына ерекше мән беріліп отыр. Жөндеудің әр кезеңі техникалық қадағалау қызметі мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандарының бақылауында.
Алмас Қасенов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ ШҚОФ директорының орынбасары:
Екінші участокты тапсыру тамыз айының соңында жоспраланып отыр. Үшінші участок – жалпы ұзындығы 27 шақырым. Мұнда қарқынды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мұнда жоба бойынша бірқатар жұмыс қарастырылған. Ресайклинг, екі қабатты асфальт, жол жиегін нығайту жұмыстары. Сонымен қатар, сапа жағы филиал тарапынан қатаң бақылауда.
Нысандар ресми түрде пайдалануға берілгеннен кейін жөнделген учаскелерге бес жылдық кепілдік беріледі. Осы кезеңде жолдан ақау анықталса, оны мердігер өз қаражаты есебінен жоюға міндетті. Жұмыс жоспарға сай аяқталса, өңірді Ресеймен байланыстыратын маңызды жолдың техникалық жағдайы айтарлықтай жақсарады.
Фатима Тілейханқызы