Негізгі Жаңалықтар Құрылтай сайлауына дайындық қызу

Құрылтай сайлауына дайындық қызу

Облыстың қала-аудандарында Құрылтай депутаттарын сайлауға дайындық қызу. Өңірлік сайлау комиссиясының мүшелері учаскелік комиссия мүшелеріне, байқаушыларға және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған оқыту семинарларын өткізуде. Онда сайлау заңнамасының негізгі талаптары түсіндіріліп, дауыс беру мен дауыстарды санау кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері қамтылған әдістемелік материалдар таныстырылуда.

Сайлау алды дайындық жұмыстарының аясында сайлау құқығының негізгі нормалары қысқаша түсіндіріліп, даулы мәселелер жан-жақты талқылануда. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сайлау науқанын объективті жариялау және сайлау учаскелерінде жұмыс істеу үшін қажетті аккредитация талаптары жайлы ақпараттар берілді. Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы Конституциялық заңға енгізілген соңғы өзгерістерге сәйкес, дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді суретке немесе бейнежазбаға түсіруге және оны таратуға тыйым салынған. 

Жанар Алқанова, Шығыс Қазақстан Облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Біз сайлау процесіне қатысатын барлық тараптар үшін оқыту семинарларын өткізіп жатырмыз. Мәселен, байқаушыларға, саяси партиялардың сенімді өкілдеріне, қоғамдық бірлестіктердің байқаушыларына арналған түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ сайлау учаскелерінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатыса алады. Осыған байланысты олар үшін де арнайы оқыту іс-шарасы жоспарланған.

Семинарлар облыстың 2 қаласы мен 11 ауданында өткізілуде. Сайлау күні өңірде 534 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сондықтан учаскелік сайлау комиссияларының барлық мүшелері өз құқықтары мен міндеттерін жетік білуі тиіс.

Ерлан Құдайбергенов, Шығыс Қазақстан Облыстық сайлау комиссиясының өкілі:

Біз облыстағы барлық 13 қала мен ауданды аралап, учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерін оқытамыз. Әр ауданға бір күннен бөліп, семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы бұл жұмыс шамамен бір аптаға созылады. Себебі біз екі топқа бөлініп, қатар жұмыс істейміз.

Шығыс өңіріндегі Құрылтай депутаттарын сайлау барысын төрт қоғамдық бірлестіктің белсенділері де бақылайды. Сонымен қатар оқыту семинарларына Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымы (ЕҚЫҰ) миссиясының ұзақ мерзімді байқаушылары қатысып отыр.

Нұрдас Қайролдаев

Бөлісу