Негізгі Жаңалықтар Инсульттің алдын алу

Инсульттің алдын алу

Жаз мезгілінде денсаулыққа ерекше көңіл бөлу маңызды. Аптап ыстық пен шамадан тыс физикалық күш ағзаға қосымша салмақ түсіреді. Әсіресе жүрек-қан тамырлары аурулары бар адамдар сақтық танытып, қан қысымы мен денсаулық көрсеткіштерін тұрақты бақылағаны жөн. Инсульттің алдын алу үшін не істеу керек? Қауіпті жағдайдың алғашқы белгілерін қалай дер кезінде анықтауға болады? Толығырақ тілші сюжетінен көріңіздер.

Жүрек – адам ағзасындағы мотор. Ол қанайналым жүйесіне жауапты орган. Күретамырдан шыққан қан бүкіл ағзаға тарайды. Бірінші ұстамалы жүрек ауруы да, инфаркт, инсульт те көбінесе күтпеген жерден ілмегіне алуы мүмкін.

Юрий Шаров, Облыстық аурухананың дәрігер-невропатологы:

Инсульт – мидағы қан айналымының кенеттен бұзылуы. Яғни, бұл ми тінін қоректендіретін тамырдың бітелуі немесе тамырдың жарылып, қанның ми тініне жайылуы салдарынан мидың зақымдануына және соған сәйкес неврологиялық белгілердің пайда болуына әкелетін ауру. 

Адам ағзасы дертке шалдыққанын кішігірім белгілер арқылы байқата бастайды. Бастысы ол белгілерді назардан тыс қалдырмау керек. Әсіресе егде жастағылар, артық салмағы барлар, қант диабеті және гипертониямен ауыратындар немесе холестерині жоғары адамдар денсаулығына салғырт қарамаған абзал.

Елена Айнабекова, Облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі:

Инсульттің негізгі қауіп факторларына артериялық қан қысымының жоғары болуы жатады. Бұл – ең басты, ең ауыр қауіп факторы. Қант диабеті, семіздік, жүрек ырғағының бұзылуы сияқты аурулар да инсульттің дамуына әсер ететін маңызды факторлардың бірі. Өкінішке қарай, бізде мұндай қауіп факторларының, әсіресе артериялық гипертония мен қант диабетіне қатысты көрсеткіштердің өсіп келе жатқанын байқап отырмыз.  

Қауіп факторлары туралы білу жеткіліксіз. Инсульттің өзін дер кезінде анықтау маңызды. Алғашқы белгілері әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан мамандар ең алдымен кенеттен болған өзгерістерге назар аударуға кеңес береді.

Юрий Шаров, Облыстық аурухананың дәрігер-невропатологы:

Инсульт көбінесе ауырсынусыз өтеді. Науқас белгілерді сезбеуі мүмкін, өйткені бұл кезде сезімталдықтың өзі бұзылып, ми тіндері зақымданады. Ми тінінің өзінде ауырсыну рецепторлары жоқ, олар тек ми қабықтарында орналасқан. Инсульттің кейбір түрлерінде ауырсыну негізгі белгі болуы мүмкін. Бұл – субарахноидальды қан құйылу немесе ми ішіне қан құйылу жағдайлары. Мұндай кезде мидың қабықтарына түсетін қысым өзгеріп, ауырсыну пайда болады. Алайда көп жағдайда ауырсыну байқалмайды. Оның орнына қолдың әлсіздігі, сөйлеудің бұзылуы, ұю, қимыл-қозғалыстың бұзылуы сияқты белгілерді көреміз.  

Инсульт кезінде әр минуттың маңызы зор. Сондықтан, оның белгілері байқалған сәтте жедел жәрдем шақырып, науқасты мүмкіндігінше тез арада медициналық мекемеге жеткізу қажет. Уақытылы көрсетілген көмек мидың зақымдануын азайтып, науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Мәселен, облыстық ауруханада инсульт алған науқастарға арнайы инсульт орталығында медициналық көмек көрсетіледі.

Елена Айнабекова, Облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі:

Инсульт орталығында 40 төсек орын бар. Біз науқастарды шұғыл түрде қабылдаймыз. Жексенбі, дүйсенбі, сейсенбі және сәрсенбі күндері кезекшілік атқарамыз. Одан кейінгі жұмыстарды облыстық мамандандырылған медициналық орталық, бұрынғы №1 қалалық аурухана қабылдайды. Жаз мезгілінде науқастар саны да артып, қабылдау күндері 40-50 өтінішке дейін түседі.

Мамандар жаз мезгілінде күн астында ұзақ жүрмеуге, аптап ыстықта ағзаға түсетін салмақты барынша азайтуға кеңес береді. Сұйықтықты жеткілікті мөлшерде ішіп, қан қысымы мен созылмалы ауруларды бақылауда ұстаған жөн. Ал, денсаулықта қандай да бір өзгеріс байқалса, уақытылы дәрігерге жүгініп, қажетті медициналық көмек алған дұрыс.

Кәусар Идаятқызы

Бөлісу