Ауыл шаруашылық техникалары жаңартылуда
Ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту – шаруалардың өндіріс көлемін арттырып, еңбек өнімділігін көтеруге мүмкіндік береді. Осы бағыттағы мемлекеттік қолдау шараларының нәтижесін көрсету мақсатында «ҚазАгроҚаржы» АҚ ШҚОФ арнайы пресс-тур ұйымдастырды. БАҚ өкілдері жеңілдетілген қаржыландыру арқылы жаңа техника алған бірқатар шаруашылықтың жұмысымен танысып, агро секторды ілгерілету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін саралап қайтты. Толығырақ Нұртас Қайролдаевтың бейнематериалында.
Мақсат Байгелді, «ҚазАгроҚаржы» АҚ ШҚОФ директоры:
«ҚазАгроҚаржының» негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту. Биыл мемлекет 350 миллиард теңге бөлсе, оның 15 миллиарды Шығыс Қазақстанға бағытталды. Нәтижесінде өңір шаруаларына 500-ден астам техника қаржыландырылмақ. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға жоғары көрсеткіш. Бұған қоса, өтінім беру тәртібі жеңілдеді. Бұрын жоба 14 күнге дейін қаралса, қазір шаруа қожалықтары төрт құжатпен онлайн өтінім беріп, шешімді небәрі 5 минутта ала алады. Бүгінде жылдық 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг, 6 пайыздық мөлшерлемемен «Қаржылық тұрақтылықты қолдау бағдарламасы» және «Қазақстанда жасалған» бағдарламалары бар. Шетелдік техника 12,6 пайызбен қаржыландырылады. Қаржыландыру мерзімі – 7 жылға дейін.
Осындай қолдауға қол жеткізген шаруашылықтардың бірі – «Быструха-Астана» серіктестігі. Кәсіпорын отандық ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту үшін 5 пайыздық жеңілдетілген лизинг бағдарламасы арқылы шамамен 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы алған. Нәтижесінде шаруашылық техникалық базасын жаңартып, өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндік алды.
Серікбек Садықов, «Быструха-Астана» ЖШС директорының орынбасары:
Басында ескі техникамен бастадық. 2012-13 жылдан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен жұмыс істейміз. Басында «Вектор» комбайнын, МТЗ тракторларын алдық.. «ҚазАгроҚаржы» АҚ мен бірге «Claas» комбайндарын және Horsch тіркеме техникаларын, егіс кешендерін алдық. Содан бері біздің өніміміз көтерілді.
Мемлекеттік қолдауға ие болған тағы бір кәсіпорын – «SBA Agro Group». Шаруашылық шетелдік өндірістегі бес бірлік техниканы сатып алу үшін 900 миллион теңге көлемінде қаржыландырылған. Жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен алынған техника кәсіпорынның егістік жұмыстарын тиімді ұйымдастыруына мүмкіндік беріп отыр.
Даниил Байбулатов, «SBA Agro Group» ЖШС басшысы:
Қазір шаруашылықтың жер көлемі 4 мың 300 гектарға жетті. Сондықтан өнімділігі жоғары, сенімді техника қажет. Артымда тұрған – қуаты 500 ат күші болатын «Case тракторы. Шынжыр табанды болғандықтан, топырақты аз таптайды әрі күрделі жағдайда тиімді жұмыс істейді. Құны шамамен 300 миллион теңге болатын техниканы «ҚазАгроҚаржы» АҚ қолдауымен дер кезінде алдық.
Жалпы, жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржының» Шығыс Қазақстан облыстық филиалы 15 миллиард 600 миллион теңгеге 507 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын қаржыландырған. Оның 382-сі – жеңілдікті бағдарламалар арқылы алынған отандық техника. Мұндай қолдау шаруалардың техникалық мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, ауылдағы өндірістің тұрақты дамуына және өңір экономикасының нығаюына ықпал етеді.
Нұртас Қайролдаев