Негізгі Жаңалықтар Асубұлақта ауыз су мәселесі шешілді

Асубұлақта ауыз су мәселесі шешілді

Ұлан ауданына қарасты Асубұлақ ауылында ауыз су мәселесі шешімін тапты. Елді мекенде сумен жабдықтау жүйесі жаңғыртылып, тұрғындарға таза әрі қауіпсіз ауыз су жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа инфрақұрылым іске қосылды. Жоба ауылдың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, су жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне қажетті жағдай қалыптастырды. Жұмыс барысында су желілері ретке келтіріліп, қажетті инженерлік нысандар салынды. Бұл тұрғындарды сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етудің негізіне айналып отыр.

Бұған дейін суды сырттан тасымалдауға тура келген халық үшін жаңа жүйенің іске қосылуы – күнделікті тұрмысты жеңілдеткен маңызды өзгеріс. Әсіресе, су құбыры тікелей үйлерге тартылғаны тұрғындардың жағдайын айтарлықтай жақсартты. Ауыл халқы атқарылған жұмысты жоғары бағалап, ауыз судың тұрақты берілуіне ризашылығын білдіруде.

Айжан Мусина, ауыл тұрғыны:

Бізде былтыр 2025 жылдың наурыз айынан бастап ауылға «Әр үйге су» деген бағдарлама қосылған болатын. Бүгін міне бір айдай болып қалды, ауылда суымыз бар. Өз үйіме бүгін су кірді. Суымыз бар. Көп рахмет осы компанияға. Осы компанияның жұмыс жасап жүрген адамдарына, еңбектеріне. 

Асубұлақтағы су жүйесі екі су жинау алаңынан тұрады. Мұнда тереңдігі 34 метр болатын үш ұңғыма орнатылған. Ұңғымалардан алынған су магистральдық желілер арқылы су тарату алаңына жеткізіліп, көлемі 200 текше метр болатын екі резервуарда жинақталады. Одан әрі қысымды арттыратын сорғылардың көмегімен су жергілікті тұрғындарға таратылады.Сонымен қатар жаңа жүйе өрт қауіпсіздігіне де оң әсерін тигізеді. Резервуардан өрт сөндіру гидранттарына су беріліп, төтенше жағдай кезінде арнайы қызметтердің жедел әрекет етуіне қажетті мүмкіндік жасалды. 

Тимур Тогузов, жоба жетекшісі:

Біз Асубұлақ ауылында сумен жабдықтау желілерін қайта жаңғырту жобасын жүзеге асырдық. Бұл – Ұлан ауданындағы маңызды инфрақұрылымдық нысандардың бірі. Жоба аясында 524 үйді ауыз сумен қамтамасыз еттік. Сонымен қатар 12 әлеуметтік нысанға да су тартылды. Әлеуметтік осал топтарға және зейнеткерлерге ерекше көңіл бөлінді. Кейбір үйлерге су құбыры тартылып, үй ішіне қажетті желілер жүргізілді.Жалпы, сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы 67 шақырымды құрайды. 

Қазір жаңа желілердің жұмысы ретке келтіріліп, ауыз су беру тұрақты режимде жүзеге асырылуда. 

Светлана Михейлис, ауыл тұрғыны:

Ел Президентіне ауылдық елді мекендерге көрсетіп отырған қолдауы және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге көңіл бөліп отырғаны үшін шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ бас мердігерге және ауылымызда еңбек еткен барлық мамандарға ризашылығымды білдіремін. Еңбектері үшін үлкен рақмет! Қазір үйімізге сапалы ауыз су келіп тұр. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш.

Асубұлақ ауылындағы сумен жабдықтау жүйесін жаңарту жұмыстары толық аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Қазір су жинау, сақтау және тұрғындарға тарату жұмыстары бір жүйе бойынша жүргізілуде. 

Бекарыс Энгельс 


Бөлісу