Облыс әкімінің жұмыс сапары
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Катонқарағай ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар маңызды жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен туристік әлеуетін арттыруға бағытталған жұмыстар талқыланды. Жаңа әуежай құрылысын аяқтау, туристік инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығын өркендету – негізгі басымдықтардың қатарында.
Жұмыс сапары барысында облыс басшысы Қатонқарағай ауданындағы әуежай құрылысының жұмысымен танысты. Жаңа нысан аумақтың көлік қолжетімділігін арттырып, ауданның туристік әлеуетін дамытуға қосымша мүмкіндік бермек.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қатонқарағай ауданында жаңа әуежай салу стратегиялық маңызға ие. Оның іске қосылуы аймаққа көлік қатынасын жақсартып, ішкі және халықаралық туризмді дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Аэропорттың құрылыс жұмысымен таныстық. Ұшу-қону жолағы 2200 метр, ені 35 метр. 80 орындық орта ұшақтарға арналған аэропорт.
Бүгінде негізгі ғимараттардың қабырғалары толық тұрғызылып, шатыр жұмыстары аяқталған. Қазір нысан ішінде әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары жоспарланған қарқыннан төмендемесе, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, аймақ басшысы Катонқарағай ауылындағы мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Жиында Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары таныстырылып, сондай-ақ ауданның 2030 жылға дейінгі даму жоспарының негізгі бағыттары ұсынылды.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Өңірде 830 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Олар негізінен мал шаруашылығына мамандандырылған. 15,3 мың бас ірі қара мал, өсім бар. 27 мыңнан астам қой,ешкі, 23 мыңға жуық жылқы бар. Біздің міндетіміз тек мал басын көбйтіп қана қоймай, оның өнімділігі мен тауарға айналуын арттыру. Және өнімді осы ауданның өзінде терең өңдеуді жолға қойуымыз қажет.
Сонымен қатар, ауданда «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында көпбалалы және әлеуметтік осал санаттағы отбасыларға арналған 20 пәтерлі 10 үй салу жоспарланған. Биылғы 1 қыркүйектегі мәлімет бойынша ауданда 260 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Облыс әкімі құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтап, тұрғын үй құрылысының көлемін арттыруды тапсырды.
Еламан Ахмадиев, «BARYS STROY KZ» ЖШС директоры:
Біз екі үйді шілде айының басында бастағанбыз, қазан айының ортасына қарай аяқтаймыз. Бұл екі пәтерлі үйлер, бір пәтердің аумағы 85 шаршы метрді құрайды. Екі пәтер 170 шаршы метр болады. Негізгі жұмыстарды аяқтадық, енді тек ішкі жұмыстар қалды.
Бұдан бөлек, жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан аумағында өткен құтқару-тактикалық оқу-жаттығуларына қатысты.
Бекарыс Әмірбек