Еркін күрестен ашық турнир өтті
Самар ауданында еркін күрестен ашық турнир өтті. Дәстүрлі жарысқа өңірдің әр ауданынан келген жас спортшылар қатысып, бозкілемде өзара мықтыны анықтады. Жарыстың мақсаты өскелең ұрпақ арасында еркін күресті кеңінен насихаттау, жас балуандардың спорттық шеберлігін шыңдау.
Бозкілемге шыққан спортшылар бірнеше салмақ дәрежесі бойынша сынға түсті. 2015–2016 жылдары туған ұлдар бес салмақ бойынша белдессе ал 2013–2014 жылдары дүниеге келген қыздар 36 және 38 келі салмақ дәрежесінде күш сынасты. Аталған бәсекеге көршілес Абай облысыныңда жас өрендері қатысып, екі өңір арасындағы достықты нығайта түсті.
Сәбит Темірханов, еркін күрестен жаттықтырушы (Абай облысы):
Ереже бойынша біз енді бес баланы әкеліп отырмыз. Кішкентай балалар болғандықтан ең алғашқы жарыстарының бірі. Соны көріп осы үлкен жарыстар бастамасығой өсу үшін көріп қайтайық деген мақсатпен әкеліп отырмыз.
Мұндай жарыстар жас балуандарға тәжірибе жинақтап қана қоймай, өз қатарластары арасында бақ сынауға мүмкіндік береді. Әсіресе әр аудандағы спорт мектептерінің шәкірттері үшін бұл шеберлікті шыңдап, алдағы додаларға дайындықты пысықтайтын маңызды бәсеке.
Жандос Серіков, Самар ауданы балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:
Енді бүгін жарыста 9 ауданнан жарысқа қатысып жатыр. Енді Абай облысынанда командалар келіп жатыр. Енді жарысқа қатысушыларға жас палуандарға тек мықтылар жеңсін. Жарысымыз әділ шынайы өтсін. Енді кәзір біздің Самар ауданында еркін күрес күрес түрі жақсы қарқынды дамуда.
Жарыс барысында әр белдесу тартысты өтіп, жас балуандар өздерінің әдіс-тәсілдерін көрсетуге тырысты. Бірі қарсыласының осал тұсын дөп басса, енді бірі соңғы секундтарға дейін жеңіс үшін күресті. Осылайша спортшылардың дайындығы мен бозкілемдегі шеберлігі сараланды. Осы орайда Самар ауданының басшысы да жас палуандарға сәттілік тіледі.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
Бүгін Самар ауданында Самар ауданының әкімінің кубогіне арналған еркін күрестен чемпионат өтіп жатыр. Биыл үшінірет өткізіп жатырмыз. Біздің басты мақсатымыз- чемпиондар тәрбиелеу жас спортшылар тәрбиелеу және президентіміздің тапсырмасына сәйкес Бұқаралық спортты дамыту.
Турнир қорытындысында жүлдеге іліккен спортшылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы марапаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар мұндай додалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, Самар өңірінен еркін күрестің жаңа буын шеберлері шығатынына сенім білдірді.
Нұрдәулет Қалибеков