Негізгі Жаңалықтар Алтай ауданының цифрлық технологиялар көрмесі

Алтай ауданының цифрлық технологиялар көрмесі

«Туған жер – алтын бесігім» акциясы аясында облыстық филармонияда Алтай ауданының мәдени іс-шарасы өтті. Аудан өкілдері цифрлық технологиялар мен өнер туындыларының көрмесін ұйымдастырып, шығармашылық ұжымдардың концертін ұсынды. Сонымен қатар, қала тұрғындарына ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жетістіктері таныстырылды.

Көрмеге қатысушылар инновациялық әзірлемелері мен ғылыми жобаларын таныстырып, келушілердің қызығушылығын арттырды. Олардың қатарында Серебрянск қаласындағы №2 негізгі мектебінің оқушылары да бар. Жас өнертапқыштар дрон-рейсингпен айналысады. 

Сергей Козлов, Серебрянск қаласындағы №2 негізгі мектебінің информатика пәні мұғалімі:

Бұл бағытты біз осыдан тоғыз ай бұрын ғана қолға алдық. Балаларға бірден ұнады. Осы уақыт ішінде бірнеше өңірлік чемпионатқа қатысып үлгердік. Атап айтқанда, Астана мен Алматы қалаларында өткен жарыстарда оқушыларымыз жақсы нәтиже көрсетті. 

Көрмеде виртуалды дрондармен қатар, пилотсыз ұшу аппаратын басқаруды үйретуге арналған шағын дрондар да таныстырылды. Мұндай құрылғыларды пайдалану арқылы оқушылар дронды басқарудың бастапқы дағдыларын меңгереді.

Сергей Козлов, Серебрянск қаласындағы №2 негізгі мектебінің информатика пәні мұғалімі:

Бұл – 65 миллиметрлік және 75 миллиметрлік микродрондар. Негізінен, оқыту мақсатында қолданылады. Дрон басқаруды үйренгісі келетіндер үшін қолжетімді құрылғы. Сондай-ақ, Tiny Whoop деп аталатын арнайы санат бар. Осы санат бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттары өтеді. Біз де сол жарыстарға қатысамыз. Дрондар өмірдің түрлі салаларында қолданылады. Атап айтқанда, геодезияда, ауыл шаруашылығында, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, жер аумағын сканерлеуде және, әрине, әскери технологияларда пайдаланылады. 

Бүгінде инновациялық технологиялар жасанды интеллект ұғымымен тығыз байланысты. Көрмеде бұл бағыт та кеңінен таныстырылды. Нейрондық технологиялардың көмегімен өткен ғасырдың басында Шығыс Қазақстан аумағында түсірілген тарихи фотосуреттерге ерекше жан бітті. 

Денис Никитин, Алтай ауданы өлкетану залының меңгерушісі:

Мұнда 1905 жылғы фотосуреттер ұсынылған. Өткен ғасырдың басында өңірімізге француз инженері Пьер Копье келген. Ал оның шөбересі Пьер Копье Екінші 2009 жылы қаламызға арнайы келіп, өткен ғасырдың басына тиесілі 11 бірегей фотосуретті алып келген. Мұнда қаламыздың бүкіл тарихын қамтитын фотосуреттер жинақталған. Биыл қаламызға 235 жыл толады. Бұл – үлкен әрі тарихи мәні бар дата. 

Көрмедегі көпшілік назарын аударған экспонаттардың бірі – Алтай ауданының болашақ келбетін бейнелейтін макет. Онда өңірдегі туризмді дамыту бағыттары көрсетілген. Макетте ауданның табиғаты, жер бедері мен өзендері қамтылған. Сонымен қатар, туристік нысандар мен көрікті жерлер туралы ақпарат беретін арнайы буклеттер ұсынылды. Көрмеде медицина саласындағы заманауи технологиялар да таныстырылды. Денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған жаңа медициналық жабдықтар, соның ішінде компьютерлік томография аппараттары көрсетілді. Шараның мәдени бағыты да назардан тыс қалған жоқ. Келушілерге күмістен жасалған әшекейлер мен түрлі қолөнер бұйымдары ұсынылды.

Данияр Елюбаев, Алтай ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
Бүгін Алтай ауданы күндерінің шарықтау шегіне жақындап келе жатырмыз. Бір сағат көлемінде Алтайдың болашағы – ауданның дамуына бағытталған жобалар мен бастамалар таныстырылады. Сонымен қатар, шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылып, онда өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдар өздерінің жетістіктері мен жобаларын ұсынып отыр. Көрмеге сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің туындылары да қойылды.Қолдан жасалған бұйымдарға ерекше назар аудардық. Солардың жұмыстарын әкеліп, бүгін біз көрсетіп отырмыз біз. 

Шараның соңы Алтай ауданының өнерпаздары қатысқан концерттік бағдарламамен жалғасты. Кештің арнайы қонағы, Алтай ауданының тумасы Меруерт Кәкімханова. Шығармашылық ұжымдардың өнерін көрермендер қошеметпен қарсы алды.

Бекарыс Энгельс

Бөлісу