Негізгі Жаңалықтар Польшамен сауда-экономикалық ынтымақтастық артады

Польшамен сауда-экономикалық ынтымақтастық артады

Өскеменде облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Польшаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михал Лабендамен кездесті. Жиында Шығыс Қазақстан мен Польша арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ тараптар өңірдің сыртқы сауда байланыстары мен екіжақты тауар айналымының көрсеткіштерін сөз етті.

Қазақстан мен Польша арасындағы экономикалық әріптестіктің бағыттары сан алуан. Шығыс Қазақстан облысының сыртқы саудасында ауыл шаруашылығы өнімдері мен өнеркәсіптік тауарлар маңызды орын алады. Екіжақты байланыстар аясында экспорт пен импорт көлемі, сондай-ақ сауда құрылымы назарға алынды.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Польша мен Шығыс Қазақстан арасында үлкен байланыстар орнату, дамыту екі ел арасындағы бизнес өкілдері арасындағы байланысты кеңейту, бірлескен жаңа инвестициялық, технологиялық жобаларды іске асыру бізге әрине қызығушылық танытады. 

2026 жылдың қаңтар–шілде айларындағы дерекке сәйкес, облыстың Польша Республикасымен тауар айналымы 4 миллион 833 мың 800 АҚШ долларын құраған. Оның 2 миллион 554 мың 200 доллары экспортқа, ал 2 миллион 279 мың 600 доллары импортқа тиесілі. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы тауар айналымының 9 пайызға артқанын көрсетеді.

Михал Лабенда, Польшаның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:

Біздің ынтымақтастығымыз көп бағытты. Себебі университеттерді айтсаңыз Польшада көптеген қазақ студенттері оқып жатыр. Поляк тілінде, ағылшын тілінде. Біздің экономикалық ынтымақтастығымыз өте жақсы болып жатыр. Әртүрлі ауыл шаруашылығы болсын, өнеркәсіп болсын, инвестициялық болсын. Сондай-ақ әрі қарай дамуға жолымыз ашық. Сол үшін жұмыс істеп жүрміз. 

Польша Республикасынан облысқа әкелінетін өнімдердің арасында химия өнеркәсібіне қажетті материалдар бар. Олардың қатарында полимерлер, синтетикалық негіздегі бояулар және лактар, сондай-ақ өндіріске арналған дайын заттар кездеседі. Бұл тауарлар өңірдің өнеркәсіптік қажеттіліктерімен тығыз байланысты.

Бекарыс Энгельс

Бөлісу