«Мисс Өскемен – 2026» байқауы өтті
Облыс орталығында «Мисс Өскемен-2026» байқауы өтті. Ақтық сынға бірнеше кезеңнен сүрінбей өткен 10 қыз қатысты. Қазылар алқасы олардың сахнада өзін-өзі ұстауына, қимыл-қозғалыстарына баса назар аударды. Көптің көңіліне шыққан Өскемен аруы алдағы сұлулық байқауларында өңір намысын қорғайтын болады.
Сұлулық байқауына қатысушылардың жас ерекшелігі әртүрлі. Сонымен қатар олардың арасында түрлі салада еңбек етіп, өздері таңдаған мамандығы бойынша жоғарғы оқу орынында білім алып жүргендері де бар.
Аяжан Манарбекқызы, «Мисс Өскемен - 2026» байқауына қатысушы:
Осы сахнаға дейін біз үлкен жолдан өттік деп айтсам болады. Өйткені, каждый кеш сайын репитиция болды. Репитиция бір күн ұзақ болса, бір күн қысқа болса, арасында көз жастар болды замечание үшін. Солай осы сахнаға жеттік. Мұғалім болып қатысу екінің бірінің қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Себебі, мұғалім болып, творчествоны алып жүру өте қиын. Сондықтан да ол менің балалық шағымның мақсаты ретінде осы сахнаға арманымды орындауға келдім.
Әр қатысушыны қолдап, оған демеу болған жақындары да бұл күні олармен бірге сахнаға шығып өнер көрсеткендей болды. Ал мұндай жауапты байқауда ана жүргі ерекше қобалжитыны анық.
Гүлзираш Раузақызы, ата-ана:
Баласы бәйгеге шапса, анасы тақымын қысады демей ме? Осында қатысып жатқан барлық қыздар әрбір ата -ана үшін барлығы бірінші орын алған болып есептелінеді. Қатысудың өзі бір бақыт балалар үшін. Тек жақсылық, амандық тілеймін.
Байқау ұйымдастырушыларының айтуынша, биылғы іріктеу кезеңі көктемде басталып, үміткерлерге қойылатын талап та жоғары болған. Әсіресе, қыздардың сыртқы келбетінен бөлек, ішкі харизмасы мен сахналық мәдениетіне ерекше басымдық берілген.
Әсел Аққасова, «Мисс Астана» байқауының директоры:
Біз іріктеуді наурыз айында бастап кеттік. Қатысуға өтінім білдіргендер көп болды. Сондықтан ең мықты деген қыздарды іріктеп алдық. Бірінші кезекті харизмасына айрықша көңіл бөлдік. Себебі, харизма арқылы сахнаға шыққан кез келген ару өзінің күлкісімен бірден көрерменді баурап алса қазылар алқасы үшін де таңдау жасау қиынға соқпасы анық.
Қазылар алқасына таңдау жасау оңайға соқпады. Төрт кезеңде де қатысушылар сенімді өнер көрсетті. Өткен жылғы байқау жеңімпазы қыздардың дайындығы жоғары деңгейде екендігін айтты.
Іңкәр Бауыржанқызы, «Мисс Өскемен - 2025» байқауының жеңімпазы:
Қыздардың өте еңбекқор екені көрініп тұр. Себебі жаңа мен сценада болдым,. Қыздар өте қатты қобалжуда. Бірақ онысын көрсетпей өздерінің барынша сенімділігін көрсетуде. Сондықтан осы жолғы қатысушыларға толықтай сенемін. Қыздарға мен тек қана сәттілік тілеймін. Ешқандай қобалжу болмасын біз барлығымыз осы Өскемен аруы болып саналамыз.
Өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салған арулар 90 жылдардағы киім үлгісін көпке паш етті. Ырғақты музыка арқылы жиналғандарға ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар арнайы экранаға шығарылған QR код арқылы көрермендер дауыс беру мүмкіндігіне ие болды. Қорытынды есеп бойынша Анжелика Чжан «Мис Өскемен – 2026» байқауының жеңімпазы атанды. Ал «Altai» телеарнасының жүргізуші-редакторы Кәусар Идаятқызы 1 вице-мисс атағын иеленді.
Салтанат Кеңесбекқызы