Донорлық ағза науқастың өмірін ұзартады
Өскеменде Қазақстандағы ағза донорлығы мен трансплантация жүйесін дамыту мәселелері талқыланды. Іс-шараға Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, медициналық ұйымдардың басшылары және сала мамандары қатысты. Олар Шығыс Қазақстан облысындағы қазіргі ахуалды саралап, трансплантациялар санын арттыруға және өмірлік маңызы бар ота кезегінде тұрған науқастардың қатарын азайтуға бағытталған шараларды қарастырды.
Бүгінде Қазақстанда ағза трансплантациясын күтіп тұрғандар тізімінде 4 мың 739 адам бар. Олардың көпшілігі үшін ағза алмастыру – өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Алайда жыл сайын жүздеген науқас лайықты донор таба алмай жатады. Мамандардың айтуынша, елімізде трансплантация жасауға барлық қажетті жағдай жасалған. Арнайы орталықтар жұмыс істейді, білікті дәрігерлер даярланған, заманауи медициналық инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Дегенмен, қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығына марқұмның туыстарының келісім беру деңгейінің төмендігі әлі де басты кедергі болып отыр. Бұл өз кезегінде ағза трансплантациясына мұқтаж науқастардың өмірін сақтап қалу мүмкіндігін шектейді.
Айдар Ситказинов, ҚР ДСМ Трансплантацияны және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры:
Инфрақұрылым бар, білікті дәрігерлер бар, трансплантациялар мамандандырылған орталықтарда тұрақты жүргізіліп келеді. Басты кедергі – марқұмның туыстарының келісімі. 2025 жылы ми өлімі тіркелген 186 науқастың тек 18-інің отбасы ғана қайтыс болғаннан кейінгі орган донорлығына келісім берді. Сол 18 донордың арқасында 68 трансплантация жасауға мүмкіндік туды.
Кеңес барысында трансплантация кезегінде тұрған науқастарға да ерекше назар аударылды. Мамандардың айтуынша, үйлесімді донорды сәтті іріктеу үшін науқастар тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп, Ұлттық тіркелімдегі деректерін уақытылы жаңартып отыруы қажет.
Елена Екимцева, Облыстық қан орталығының бөлім меңгерушісі:
Баяндамашы атап өткендей, ағза трансплантациясына мүмкіндік алу және күту тізіміндегі кезегі келгенде ота жасау үшін науқастар қан талдауын тұрақты түрде тапсырып отыруы қажет. Хаттамаға сәйкес, олар әр үш ай сайын антиденелерге тексеруден өтуге міндетті.
Мамандардың пікірінше, трансплантация қызметін дамыту үшін халықтың ақпараттану деңгейін арттыру, қайтыс болғаннан кейінгі ағза донорлығы туралы ашық қоғамдық диалог қалыптастыру және мемлекеттік органдардың, медицина қауымдастығының, қоғамдық және пациенттік ұйымдардың өзара бірлескен жұмысын күшейту қажет. Бұл донорлық жағдайлардың санын көбейтіп, өмірлік маңызды ағза трансплантациясын күтіп отырған мыңдаған қазақстандыққа өмір сүруге жаңа мүмкіндік береді.
Аяулым Усинова