Жолдағы қауіпсіздік
Үкімет отырысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Басты назарда жол қозғалысына қатысушылардың, соның ішінде жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі болды. Отырыс өңірлер мен бейінді ведомстволар өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта өтті.
Өңірде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінуде. Полицейлер жолдардағы жағдайды бақылауға, жол қозғалысы ережелерінің бұзылуын тіркеуге және оларға жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды барыншы тиімді пайдалануда. Сандық жүйелерді пайдалану ережелердің сақталуын бақылауды күшейтуге және жол қозғалысының барлық қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі.
Талғат Нүриев, ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
Жол көлік оқиғасын болмауға, азайту мәселесінде бізде облыс бойынша 20 автошириф істейді қазір, автоуроган дейміз. Сондай оборудование орнатылған көліктер жүреді. Олар ережелерді бұзған жүргізушілердің барлығын тіркеп, және де қоғамдық көліктің ішінде бізде жасырын орнатылған бір сондай оборудованиеміз бар. Ол да ереже бұзғандарды тіркеп, хаттамалар үйлеріне жолданады.
Тамыздың 15 мен қыркүйектің 30 аралығында өңірде «Назар аударыңыз, балалар!» республикалық акциясы өтіп жатыр. Мақсат - балалардың жол-көлік жарақатының алдын алу және жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Полицейлер мектеп маңындағы учаскелерге ерекше көңіл бөлуде. Балалардың мектепке келетін және қайтатын уақытында бұл жерлерде патрульдік нарядтар күшейтілді.
Талғат Нүриев, ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы:
Әр мектептің жанында патрульдік нарядтар жұмыс атқарады. Келген кезде және қайтқан кезде ешқандай көлік оқиғасы қазіргі уақытқа дейін мектеп жандарында тіркелмеген.
Жолдағы қауіпсіздік көбіне тек полиция қызметкерлерінің жұмысына ғана емес, сонымен қатар жүргізушілердің өздеріне де байланысты. Автокөлік иелеріне жылдамдықты сақтау және мектептер мен жаяу жүргіншілер өтпелерінің маңында ерекше мұқият болу қажеттілігі ескертілуде. Ал жаяу жүргіншілерге жолды тек белгіленген орындардан өту және қауіпсіздік ережелерін ұмытпау керек. Сондықтан дәл осындай шаралар өңір жолдарын қауіпсіз етуге көмектесері анық.
Салтанат Кеңесбекқызы