Негізгі Жаңалықтар Ауыл мектептеріне тең мүмкіндік

Ауыл мектептеріне тең мүмкіндік

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесі Шығыс Қазақстан облысының әкімі қатысқан отырыста «QH Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Шығыс Қазақстан облысы» қайырымдылық жобасын қарап, бекітті. Құны 2,8 миллиард теңгеден асатын ауқымды бастама өңірдегі қала мен ауыл мектептері арасындағы білім беру алшақтығын азайтуға бағытталған.

Бүгінде өңірде 340-тан астам мемлекеттік жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде орналасқан. Сонымен қатар, мектептердің едәуір бөлігін шағын жинақты білім беру ұйымдары құрайды. Мұнда зертханалық және цифрлық құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігі, заманауи білім беру ресурстарына қолжетімділіктің шектеулілігі және материалдық-техникалық базаны жаңарту қажеттілігі байқалады. Бұған жүргізілген мониторинг нәтижелері де дәлел. Зерттеу қорытындысы қала мен ауыл мектептері арасында білім беру мүмкіндіктеріндегі жекелеген айырмашылықтар мен тапшылықтардың бар екенін көрсетеді.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қала мен ауыл мектептері арасындағы білім сапасының арасындағы алшақтығын жоюды стратегиялық міндеттердің бірі ретінде айқындады. Президент әрбір бала тұрғылықты жеріне қарамастан озық білім беру технологияларына қол жеткізілуі тиіс екенңн бірінші рет атап өткені тиіс екенін білеміз.

Жалпы, 66 ауыл мектебін заманауи құрал-жабдықтармен қамту жоспарланып отыр. Мектептерде жаратылыстану бағытындағы кабинеттер мен цифрлық сыныптар ашылады. 5-11 сынып оқушылары үшін математика, информатика, физика, химия және биология пәндері бойынша онлайн сабақтар ұйымдастырылады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бүгінде бұл бағытта цифрландыру, жаңа технологияларды дамытуға да ерекше мән беріліп отыр. Сіздердің ауқымды қолдауларыңыз бұл жай ғана материалдық-техникалық базаны жаңарту емес, балаларымыздың болашағына, олардың өз күшіне деген сеніміне туған ауылында сапалы білім алу мүмкіндігіне салынған тікелей инвестиция.

Осылайша, жоба ауыл мектептерін жаңа құрал-жабдықтармен қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Оның басты мақсаты – баланың тұрғылықты жері заманауи білім мен технологияларға қолжетімділігін айқындамайтын тұрақты білім беру ортасын қалыптастыру. Ұйымдастырушылар көздеген негізгі нәтиже – қала мен ауыл арасындағы білім алшақтығын азайтып, Шығыс Қазақстан оқушылары үшін білім сапасын арттыру.

Аяулым Усинова

Бөлісу