Негізгі Жаңалықтар Әскери қызметшілер жүзуден сынға түсті

Әскери қызметшілер жүзуден сынға түсті

Өскеменде ҚР Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде тұңғыш рет жүзуден жарыс өтті. Бәсекеге 20-дан астам офицер мен келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметші қатысып, бөлім командирінің жүлдесін сарапқа салды. Сайыстың басты мақсаты – әскери қызметшілердің дене дайындығын шыңдап, спортқа деген қызығушылығын арттыру.

Сап түзейтін алаң бұл жолы су жолағына алмасты. Әскери қызметшілер үшін әр секунд маңызды. Жүзу барысында қатысушылар жылдамдықпен қатар, тыныс пен қимыл үйлесімін сақтап, төзімділіктерін сынады. Бірі озық шығуға ұмтылса, енді бірі белгіленген қашықтықты бағындыруды мақсат етсе, мәреге жақындаған сайын бәсеке тіптен қыза түсті.

Жалғас Бақытжан, ҚР ҰҰ «Шығыс» ӨҚ қарасты 5518 ә/б тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы:

Суда жүзуден жарыс өтіп жатыр. Жарыстың бас демеушісі бөлімше командирі. Осы алғаш рет өтіп жатқан жарыста әскери бөлімнің қызметшілеріне сәттілік тілейміз. Ең мықты жеңіске жетсін деп тілейміз.

Әскери ортада дене дайындығы – қызметтің маңызды бағыттарының бірі. Сондықтан бөлімде спорттың бірнеше түрін дамытуға басымдық беріліп отыр. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жалғастыру үшін 5518 әскери бөлімі, «Berel» кәсіби волейбол клубы және дене шынықтыру-сауықтыру кешені өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жаңа құжат әскери қызметшілердің физикалық дайындығын арттыруға, бірлескен жарыстар өткізуге және жаңа спорттық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Ерхат Қарақұлов, ҚР ҰҰ «Шығыс» ӨҚ қарасты 5518 ә/б дене дайындығы және спорт бастығы:

Жарыс өкізу барысында екі жақты қол қойылды. Ол Өскемен қ. «Berel» кәсіби волейбол академиясы және сауықтыру кешенімен. Мемарандум мақсаты әскери бөлімде өтетін жарыстардың және жабдықтармен қамтамасыз етуге өз қол қойылғызылды. 

Бұл – әскери бөлім тарихындағы алғашқы жүзу жарысы. Алайда ұйымдастырушылар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Алдағы уақытта спорттың басқа да бағыттары бойынша сайыстар өткізу жоспарланып отыр. Ал алғашқы бәсекенің қорытындысында үздік нәтиже көрсеткендер анықталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер медаль, кубок және грамоталармен марапатталды. Үздіктерге бөлім командирінің атынан арнайы сый-құрмет көрсетілді.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу