Негізгі Жаңалықтар «Асыл Мирас» аутизм орталығына – 10 жыл

«Асыл Мирас» аутизм орталығына – 10 жыл

Өскеменде ерекше білімді қажет ететін балаларға қолдау көрсетіп келе жатқан «Асыл Мирас» аутизм орталығының 10 жылдығына арналған республикалық симпозиум өтті. Басқосуда аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларды оқыту мен қоғамға бейімдеудің заманауи тәсілдері талқыланып, сала мамандары өзара тәжірибе алмасты.

Әр баланың өмірге деген өз көзқарасы, өз әлемі бар. Сол әлемге жол тауып, олардың қабілетін ашуға көмектесу – үлкен жауапкершілік. Өскемендегі «Асыл Мирас» орталығы осы міндетті абыроймен атқарып келеді. Мұнда аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларға кешенді қолдау көрсетіліп, олардың қарым-қатынас жасау, білім алу және күнделікті өмірге бейімделу дағдылары қалыптастырылады. Он жыл ішінде орталық жүздеген отбасыға сенім сыйлап, көптеген баланың жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына ықпал етті.

Гүлмира Мұрзалинова, «Болат Өтемұратов қоры» бас директорының орынбасары:

Осыдан он жыл бұрын қор Қазақстандағы төртінші аутизм орталығын іске қосты. Төртінші орталық Өскемен қаласында ашылды. Бүгінде «Аутизм – баршаға ортақ әлем» бағдарламасы аясында қор Қазақстанның 12 қаласындағы 13 аутизм орталығының жұмысын қамтып отыр. Қазір «Аутизм – баршаға ортақ әлем» бағдарламасына 12 жыл толды. Осы уақыт ішінде орталықтар арқылы 17 мың 500-ден астам балаға көмек көрсетілді.

Орталықтағы арнайы кабинеттер заманауи құралдармен жабдықталған. Мұнда балалар күнделікті тұрмыста кездесетін жағдайларды тәжірибе жүзінде меңгеріп, қоршаған ортамен еркін байланыс орнатуды үйренеді. Сондай-ақ дене шынықтыруға арналған залдар мен психологиялық қолдау кабинеттері жұмыс істейді. Бұл өз кезегінде баланың жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

Динара Дюсембинова, «Асыл Мирас» АСБ бар балаларды қолдау орталығының жетекшісі:

Бұл шараға білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау салаларының өкілдері қатысты. Сонымен қатар Булат Өтемұратов қорының өкілдері де келіп, бізге қолдау білдіріп, осы айтулы мерекемен құттықтады. Бүгінде орталығымызда 16 педагог жұмыс істейді. Қазіргі таңда 96 бала курстан өтіп жатыр. Курс қыркүйек айының басынан қараша айының соңына дейін жалғасады.

Ерекше баланың мүмкіндігін шектеу емес, оны дамыту маңызды. Ал оған қолайлы орта қалыптастыру – қоғамның ортақ міндеті. Осы бағытта он жылдан бері жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқан «Асыл Мирас» орталығы талай отбасының үмітін қайта жандырып, балалардың болашаққа нық қадам басуына мүмкіндік беріп келеді.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу