Табиғат тосын мінез танытты
Бүгін Өскеменде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, ірі бұршақ түсті. Ауа райының күрт бұзылуы екпінді желмен қатар жүріп, қала көшелерінде ағаштардың құлауына себеп болды. Кейбір аумақтарды су басып, бірнеше шағын аудандарда электр жарығы уақытша өшті.
Қолайсыз ауа-райы облыс орталығында күннің екінші жартысында басталды. Аз уақыт ішінде ашық аспанды қара бұлт торлап, артынан нөсер жауын мен ірі бұршақ жауды. Қатты желдің салдарынан қаланың бірнеше бөлігінде ағаштар құлап, олардың бірі жол жиегінде тұрған жеңіл көліктің үстіне түскен. Қала әкімдігінің мәліметінше, нөсер салдарынан бірқатар көшелерде жаңбыр суы жиналып, жергілікті су басу жағдайлары тіркелді. Қазіргі уақытта Михаэлис, Қазақстан, Сафонов көшелерінде, сондай-ақ Жеңіс және Назарбаев даңғылдарында жаңбыр суын сору жұмыстары жүргізілуде. Мамандар өтінімдер түскен өзге учаскелерде де жұмыс істеп жатыр.
Айжан Иманғабасова, «Қазгидромет» РМК ШҚО бойынша филиалының жетекші инженер-синоптигі:
Ол өңір арқылы өткен атмосфералық фронттың соның әсерінен қуатты бұлтты будақ жаңбырлы бұлттырдың қалыптасуына алып келді. Нәтижесінде қысқа уақыт ішінде мол жауын-шашын түсіп, найзағай ойнап, жел күшейіп, бұршақ жауды.
Қатты желдің салдарынан Ахмер, 19-шағын аудан, Әуежай, Шмелев Лог және «Болашақ» шағын аудандары уақытша электр жарығынсыз қалды. Коммуналдық және авариялық қызметтердің мамандары күшейтілген режимде құлаған ағаштарды жинап, электрмен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру жұмыстарын жалғастыруда. Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде қолайсыз ауа-райы алдағы тәулікте де сақталады. 6 тамызға Шығыс Қазақстан облысында дауылды ескерту жарияланған. Синоптиктер қатты жаңбыр, найзағай, бұршақ және секундына 23 метрге дейін жететін екпінді жел болады деп болжайды. Ал Өскеменде жаңбыр, найзағай, бұршақ түсіп, желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшеюі мүмкін. Құтқарушылар тұрғындарды қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады. Найзағай кезінде мүмкіндігінше үйден шықпай, электр құрылғыларын тоқтан ажырату қажет. Сондай-ақ ағаштардың, жарнама қалқандарының, электр желілерінің және басқа да тұрақсыз нысандардың маңында тұрмауға кеңес береді. Көлік жүргізушілеріне автокөліктерін ағаштардың түбіне қоймау, ал ауа райы күрт нашарлаған жағдайда жолға шықпау ұсынылады. Төтенше жағдай туындаған кезде 112 бірыңғай нөміріне хабарласу қажет.