Өрт қауіпсіздігі мәселелері пысықталды
Аптап ыстық пен жауын-шашынның ұзақ уақыт бойы болмауы табиғатты қорғау саласы мамандарын алаңдатуда. Әсіресе, шілде мен тамыз айлары орман алқаптары үшін аса қауіпті кезең. Өрт қаупі жоғары маусым басталғалы бері облыста 49 орман өрті тіркелді. Жалын шарпыған аумақтың жалпы көлемі 100 гектарды құрады. Тілсіз жаудың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда 37 жағдай найзағайдың түсуінен болған.
Облыс әкімі төрағалық еткен жиында өңірдегі өрт қаупі жоғары кезеңнің жай-күйі талқыланды. Жыл басынан бері облыс аумағында 47 орман өрті тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,6 есеге көп. Алайда, өрт шарпыған аумақ көлемі 2,3 есеге азайған.
Рашид Блялов, ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:
Орман өрттерінің негізгі себептерінің бірі – найзағайдың түсуі. Яғни, 47 өрттің 34 жағдайы аталмыш себептерден туындап отыр. Қазіргі таңда облыста өрт қауіпті кезең сақталуда. ТЖД тұрақты дайындықта. Соңғы 2 жылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы соммасы 5 млрд теңгеден астам қаржыға 49 бірлік өрт техникасы сатып алынды. Бұл жауынгерлік дайындықты арттыруға мүмкіндік берді.
«Ауыл құтқарушысы» жобасы аясында өңірде жаңа нысандардың құрылысы жалғасуда. Қазіргі уақытта жоспарланған 38 нысанның төртеуінде жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар – Біржан, Сарытерек, Камышинка және Веселовка ауылдары.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Қыркүйек айы ең қауіпті аймақ. Осы уақытта біз дайын болуымыз керек. Күн өте ыстық. Ертең қыркүйек айында өсімдіктердің барлығы сарғайып, өрт қаупі жоғарылайды. Қазірдің өзінде 30 дан асып кетіп отыр.
Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Берел филиалы аумағында 2 тамыз күні басталған екі орман өрті әлі де сөндіріліп жатыр. Оқиға орнында орман шаруашылығы қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» мекемесінің Катонқарағай авиациялық бөлімшесіне тиесілі тікұшағы жұмыс істеуде.
Қайрат Мейрембеков, ШҚО аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы:
Биылғы алып жатқан техникалардың барлығы жақсы, өзінің қызметін атқарады. Бірақ, бізде ауылды жерлерде маман тапшы. Сондықтан, жергілікті атқарушы билік пен табиғи ресурстар басқармасы бірігіп, көңіл бөліп, соны шешуге тырысса екен деген ұсынымыз бар. Жалғыз өрт сөндіру машинасы ғана емес, басқа да шаралар болуы керек. Әйтпесе, пайдасынан зиянын көргендей боламыз.
Мамандардың айтуынша, ауа температурасының +40 градусқа дейін көтерілуі және найзағайлардың жиілеуі орман өртіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан, тілсіз жаудың алдын алуда жауапты мекемелердің үйлесімді жұмысы аса маңызды.
Фатима Тілейханқызы