Теміржол вокзалдары жаңартылды
Аймақта теміржол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда. Алтай ауданындағы Күмістау және Алтай теміржол вокзалдары қайта жаңартылып, жолаушылар игілігіне берілді. Ғимараттардың инженерлік желілері мен ішкі-сыртқы келбеті толық жаңартылып, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған заманауи шешімдер енгізілді.
Серебрянск қаласындағы Күмістау теміржол станциясының ғимараты 1954 жылы салынған. Соңғы рет 2013 жылы күрделі жөндеуден өткен нысан биыл толық жаңартылып, тарихи сәулеттік келбеті сақтала отырып заманауи үлгіде қайта жабдықталды. Жөндеу барысында шатыр, еден, инженерлік желілер мен есік-терезесі толық ауыстырылды.
Ержан Жексенбеков, Күмістау станциясының басшысы:
Аудан бойынша осындай ауқымды жаңғыртудан өткен екі станция бар. Қазір теміржол вокзалы халыққа қолайлы. Күту залының іші заманауи талапқа сай жабдықталды: қабырғаларға суреттер ілінді, теледидар орнатылды, орындықтар жаңартылды, ғимарат ішінде санитарлық тораптар салынды..
Қайта жаңғырту нәтижесінде вокзалдағ қызмет көрсету сапасы да жаңа деңгейге көтерілді. Жаңа санитарлық тораптар пайдалануға беріліп, жүріп-тұруы қиын азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастырылды.
Галина Яковенко, Серебрянск қ. Ардагерлер кеңесінің мүшесі:
Біз бұл ғимараттың жаңартылуын көптен күттік. Өйткені бұрынғы вокзал ғимараты 1954 жылы салынған еді. Сондықтан бұл – біздің шағын қаламыз үшін үлкен қуаныш әрі ерекше тарту болды.
Зубовск кентінде де жаңа келбетке енген Алтай теміржол станциясы пайдалануға берілді. Жаңғырту жұмыстары аясында вокзалдың инженерлік инфрақұрылымы толық жаңартылып, іргелес аумақ абаттандырылды. Бүгінде нысан жолаушыларға қауіпсіз әрі жайлы қызмет көрсетуге толық бейімделген.
Ренат Құрмамбаев, Алтай ауданының әкімі:
Бүгін міне Алтай ауданымызда маңызды іс-шарамыз өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан бойынша 124 теміржол станциялары қайта жөндеу, реконструкциядагн өтті. Оның ішінде Алтай ауданында екеу. Ол Күмістау және Алтай теміржол станциялары. Халық өте риза және де осы станцияларда өте көп кісілер жүреді. Себебі кей кезде қыстыгүні жол жабылып қалған жағдайда ең маңыздысы осы теміржол.
Жаңғырту жұмыстары теміржол вокзалдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып қана қоймай, жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Бекарыс Энгельс