Негізгі Жаңалықтар Спорттық дода

Спорттық дода

Облыс орталығында құқық қорғау органдары мен күштік құрылым қызметкерлері шағын футболдан облыстық турнирде бақ сынады. Жарыс қызметкерлер арасында бұқаралық спортты дамытуға және командалық өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған. Спорттық дода қатысушылардың дене дайындығын жетілдіріп қана қоймай, салауатты өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етті.

«Восток» стадионында өткен турнирге құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдардың сегіз командасынан 80 спортшы қатысты. Жарыс барысында командалар бірнеше кездесуде өзара бақ сынап, тартысты ойын өрнегін көрсетті. Қатысушылар сайысқа тыңғылықты дайындықпен келген. 

Саят Сағынғанов, Облыстық спорт басқармасының бас маманы:

Бүгінгі таңда ШҚО спорт басқармасының ұйымдастыруымен құқық қорғау органдары және күштік құрылымдар арасында шағын футболдан облыстық турнир өтуде. Осы турнирдің негізгі мақсаттары ол- салауатты өмір салтын насихаттау, денсаулықты нығайту. Және де құқық қорғау органдары мен күштік құрылымдар арасында осы қыркүйек айында волейбол, гір спорты, еркін күрес, арқан тартыс, бойынша тағы да жарыстар жоспарланған.  

Жарыстың алғашқы кезеңінен-ақ командалар мықты қарқынмен келгенін аңғартты. Әр кездесуде жанкүйерлер қызу тартысқа куә болды. Қатысушылар мұндай турнирлердің жеңімпазды анықтаумен ғана шектелмей, әріптестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуда сеп екендігін жеткізді. 

Темірлан Кажмухамет, жарысқа қатысушы:

Командалардың барлығы өте жақсы. Біздің де дайындық жақсы. Осы жарысқа дайындалдық. Бірінші ойынды жеңдік. 8:1 есебімен жеңдік. Алда әлі көп ойындар күтіп тұр. Соған дайындаламыз. 

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орын Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің командасына бұйырды. Екінші орынды облыстық полиция департаментінің құрамасы иеленсе, үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК Шекара қызметі департаментінің командасы тұрақтады. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, шағын футбол турнирі енді дәстүрлі спорттық іс-шаралардың біріне айналмақ. 

Бекарыс Энгельс 

Бөлісу