Облыста иесіз малдың автомобиль жолдарына шығып кету мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бұл жол-көлік оқиғаларының жиі орын алуына себеп болуда. Сонымен қатар, қараусыз жүрген мал бөтен адамдардың жер телімдеріне кіріп, мүлкіне зиян келтіретін жағдайлар да аз емес. Осы түйткілді шешу үшін құқық қорғау органдары қандай шаралар қабылдауда? Әріптесім баяндайды. 

Малды қараусыз жаю – тек мал ұрлығының ғана емес, жол-көлік оқиғаларының да негізгі себептерінің бірі. Қауіп-қатердің алдын алу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары полиция қызметкерлерімен бірлесіп автожолдарда тұрақты түрде рейдтер жүргізеді. Қараусыз жайылып жүрген мал анықталған жағдайда, олар уақытша ұстауға арналған арнайы қораларға жеткізіледі. Облыста жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен құрылған осындай 97 арнайы қора бар. Бұл жерлерде қараусыз қалған немесе еркін жайылып жүрген ауыл шаруашылығы жануарлары иелері табылғанға дейін уақытша қамалады.

Дархан Төлеуханов, Айыртау ауылдық округінің әкімі:

Айыртау ауылдык округіне екі ауыл қарайды. Бірі Жаңа Қанай ауылы. Айыртау ауылында бізде ірі қара сиырлар табыны бар ұйымдастырылған. Ақылы табын бар. Кезекпен бағатын бар. Төрт табын шығады. Қойлар бар. Жылқылар бар. Қараусыз малдар болады. Біреудің шабындық жері бар, егістік жерлері бар. Жер иелерінен шағым түскен кезде осы жерге әкелеміз. Ветеринария бөлімі мен учасковый бар иесін тауып, айыппұл тұрағына әкеліп, иесін тауып шаралар қолданамыз. Бұл жерде шара ескерту жасалады. Егер бірінші рет, абайсыздан да болып қалады. Егер қайталанса айыппұл салынады. 

Жыл басынан бері өңірде қараусыз жайылып жүрген бес мыңға жуық мал арнайы уақытша ұстау қораларына орналастырылды. Мал жаю қағидаларын бұзғаны үшін 1300-ден астам мал иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Нұрлан Жарлығақов, Облыстық ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары:

Барлық мал иелеріне жануарларды тиісті деңгейде күтіп бағу және оларды тұрақты бақылауда ұстау әрбір меншік иесінің тікелей міндеті екенін еске саламыз. Малды қараусыз еркін жайылымға жіберуге жол берілмеуі тиіс. Мал иелері әкімшілік кодекстің 408 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. 3 АЕК мөлшерінде.

Егер қараусыз мал бөтен адамның ауласына кіріп, мүлкіне зиян келтірсе, Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 142-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сонымен қатар, зардап шеккен тарап келтірілген материалдық шығынды сот арқылы өндіріп алуға құқылы.

Салтанат Кеңесбекқызы