Зайсан ауданында салынып жатқан жаңа әуежай құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда нысанның жалпы дайындығы 85 пайызға жетті. Құрылыс барысымен Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев арнайы танысты. Ол мердігер ұйымдарға құрылыс жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.

Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Зайсан әуежайының құрылыс жұмыстарын тексерді. Сапар барысында ол мердігер ұйым басшылығы мен жауапты сала өкілдеріне бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, құрылыс материалдарының сапасын тұрақты бақылауда ұстап, барлық жұмысты бекітілген кестеге сәйкес әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына, инженерлік инфрақұрылымның сапалы орындалуына және нысанды пайдалануға беру мерзімін кешіктірмеуге ерекше назар аударды.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

Өте сапалы болатын болсын. Ертең ел игілігін көру керек ұзақ жыл. Президенттің тікелей тапсырмасымен салынып жатқан аэропорт. Үкімет басшысының қатаң бақылауында. Сапасын қатты қадағалаймыз. Сол үшін арнайы келдік. Үкімет басшысы арнайы жіберді. Кеше Катонқарағай бойынша баяндадым, бүгін Зайсанды келіп көріпжатырмыз. Сондықтан сапасына өте қатты көңіл бөліңіздер. 

Бас мердігер - «ЭЛХОН» ЖШС. Жобаның жалпы құны 67,8 млрд. теңгені құрайды. Жоба жетекшісінің айтуынша, құрылыс жұмыстары төрт кезең бойынша жүргізілуде. 

Ербол Тәжібаев, әуежай құрылысының жетекшісі:

Бірінші этапта сыртқы құбырлар жүйелері енгізілуі керек. Ол – электр жүйесі, су жүйесі. Содан кейін сырттағы кіріп-шығу жол нысандары. Екінші этапта бізде ұшып-қону алаңы, перрон және ұшақтың кіріп-шығу жолы бар. Қазір екінші этаптың жарық жүйелерін тестовый этаптан өткізіп жатырмыз. 

Жаңа әуежай Зайсан ауданының көлік қолжетімділігін арттырып, өңірдегі туризм мен кәсіпкерліктің дамуына, экономика өсіміне серпін береді.

Кәусар Идаятқызы