Зайсанда ҚР-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Жанәділ Атаевтың 80 жылдық мерейтойына арналған облыстық дзюдо турнирі өтті. Дүбірлі додаға өңірдің жас спортшылары қатысып, татамиде өзара мықтыны анықтады. 

Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Ермек Ерланұлы, аудандық мәслихат төрағасы Еркебұлан Серікұлы, спорт ардагерлері, жаттықтырушылар мен тұрғындар қатысты. Жиналған қауым мерейтой иесі Жанәділ Атаевты 80 жасымен құттықтап, оның ел спортының дамуына қосқан өлшеусіз еңбегіне жоғары баға берді.

Ермек Қорабаев, Зайсан ауданы әкімінің орынбасары:

Бүгін осы Зайсан қаласының 155 жылдығы аталып өтуде екінші күн өткізіп отырмыз. Осыған арнап Жанаділ Атаевтың мерейтойына арнап жасөспірімдер арасныда дзюдодан жарыс өткізіп отырмыз. Жанаділ атамыз барлық жерге танымал спортшы. Талай спортшыларды өсірген талай үлкен өмірге жол ашқан ағамыз. Сондықтан құрметтеп, марапаттап шапан жауып отырмыз. 

Жанәділ Абдыраманұлы - бар ғұмырын дзюдо спортының өркендеуіне арнаған білікті жаттықтырушы, халықаралық дәрежедегі төреші әрі ұлағатты ұстаз. Ол көптеген дарынды спортшыны тәрбиелеп, олардың республикалық және халықаралық деңгейде жетістікке жетуіне жол ашты.

Жанәділ Атаев, Дзюдо күресінен КСРО спорт шебері:

Сондықтан бірінші осыны өткізіп жатқан аудандық әкімшілікке, мынау бапкерлерге, көп-көп рақметімді айтқым келеді дүрілдетіп өстіп өткізіп жатқандарыңызға. Барлық қазақ халықан Алла денсаулық берсін, Біздің қазақ барыт ел, қыздарымыз қалай күреседі, соғыс кезінде бірге күрескен. Сондықтан қазақ елі аман болсын, елімізге тыныштық болсын сондықтан осы дүбірлі тойларың жақсы өтіп жатыр. 

Турнир барысында жас дзюдошылар бозкілемде өзара бақ сынасып, шеберліктерін шыңдады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибесін арттырып қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттауға және дзюдо спортының дамуына серпін береді.

Роллан Уалханов, жаттықтырушы:

Облыстық ашық турнир, бұл турнирға Зайсан ауданынан 30 шақты бала Зайсан ауданынан Шілікті ауылынан келген балалар қатысып, өз бақтарын сынауда. Бәрі сәтімен аяқталып, оқушыларымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Зайсан ауданынан 5 чемпион қалғаны финалистер. 

Кіші жасөспірімдер арасында өткен татами турниріне көршілес Күршім ауданының білекті жас балуандары да келіп, боз кілемде белдесті. Әсіресе орта салмақта өнер көрсеткен күрес шебері бұған дейін де ірі додаларда топ жарған.

Темірлан Дәулет, жарыс жеңімпазы:

Осы жарыста екінші орын алдым, 32 салмақ дәрежесінде күрестім, тренерім Исмайылов Нұрлат. Өзім Күршімдікімін. 

Осылайша облыстық жарыс өз мәресіне жетті. тартысты бәсекеде бағы мен бабы қатар шапқан нағыз жүйріктер анықталды. Әр белдесуде жігер мен шеберлік сынға түсіп, үздіктер өз мықтылықтарын дәлелдей білді.