Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін паром - жарты ғасырдан аса халыққа қалтқысыз қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде ол тұрғындарды ғана емес, туристерді де тасымалдап, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауда. Жақында паромда интернет желісі іске қосылып, қызмет сапасы тағы бір жаңашылдықпен толықты. Тілші Бекарыс Секен тарқатады.

Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін паром өткелі - өңірдегі маңызды көлік қатынасының бірі. Ол Катонқарағай, Үлкен Нарын және Самар аудандарын байланыстырып тұр. Бұл өткел арқылы күн сайын жүздеген жолаушы қатынайды. Паромда 26 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан капитан Раджу Кеукенов, кеменің басқару жүйесімен таныстырды.

Раджу Кеукенов, паром капитаны:

Мынау «штурвал» деп аталады. Кәдімгі руль емес. Механикалық басқару жүйесі. Ал, мынау гур. Біз негізінен гурмен жүреміз, яғни май арқылы. Егер гур істен шықса, механикалық басқаруға көшеміз. Мынау компас. - Бағытты үнемі осы арқылы анықтап отырасыздар иә. - Иә, Иә. Ал мына құрылғы - РЛС, яғни локатор түнде жүретін навигатор сияқты. Мынау громкоговоритель. -Маған мына аппарат қызық болып тұр, қалай аталады. - Бұл басқару пульті. Мұнда екі рычаг бар, олар кемені алға немесе артқа жүргізеді. Ортадағы екі тетік газды реттейді. Тоқтаған кезде барлық стеркалар ортаға түседі. Мына жерде алдыға, артқа деген жазуы бар.

Паромды басқару оңай шаруа емес. Ауа райының кез-келген қолайсыздығына қарамастан, экипаж жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларды белгіленген бағытқа жеткізеді. Осы жылдар ішінде талай ерекше оқиға да болған. 

Раджу Кеукенов, паром капитаны:

Қатты желді күндер болады.Қатты ауырып келе жатқан адамдарды әкетіп бара жатқан кездер болады.Соның бәрі біздің мойнымызда болады. Жеткізу керек халықты. Бір қызық оқиға болды Күршім өткелінде істеп жүрген кезде. Скорыймен босанғалы жатқан жас келіншекті қалаға Өскеменге әкетіп бара жатқан. Сол келіншек жағаға жетпей паромның ішінде босанған. Босанғаннан кейін әлгі кісіні кері алып қайтып кеттім.

Бұл өткел өңірдің туристік әлеуетін арттыруға да өз үлесін қосып отыр. Алыс-жақыннан келген қонақтар пароммен Бұқтырма су қоймасына шығып, өңірдің әсем табиғатын тамашалайды.

Юрген Фейтл, саяхатшы:

Бұқтырма су қоймасының табиғаты мені ерекше таңғалдырды. Мұндағы көріністер өте әдемі. Паромға да алғаш рет отырдым. Әуелде аздап қорқыныш болды, бірақ кейін керемет әсер алдым.

Кешкісін күннің батып бара жатқан сәті Бұқтырмаға ерекше реңк береді. Су бетіне түскен күн сәулесі тіптен көз тартады. Осындай табиғи сұлулықты тамашалау үшін бұл жерге келетіндердің қатары жыл сайын артып келеді.

Бекарыс Секен