Өскеменде «Тарихтан болашаққа» атты республикалық деректі фильмдер көрсетілімі өтті. Ауқымды жоба Президенттің Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылды. Көрсетілімнің мақсаты – отандық деректі фильмдер арқылы ел тарихын, мемлекет қалыптасуының маңызды кезеңдерін және ел дамуына үлес қосқан көрнекті тұлғалардың өмір жолын кеңінен насихаттау. 

Жоба аясында көрермен назарына тарихи-танымдық мазмұндағы бірқатар деректі фильм ұсынылды. Шараға ШҚО әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, Президенттің Телерадиокешені ұжымын мерейтойымен құттықтады. Ол өз сөзінде деректі киноның тарихи сананы қалыптастырудағы, ұлттық құндылықтарды дәріптеудегі және жас ұрпақтың отансүйгіштік рухын арттырудағы маңызына тоқталды.

Ербол Нұрғалиев, ШҚО әкімінің орынбасары:

Біздің елімізде талай саяси реформалар басталып кетті. Ол өте маңызды жаңа Конституция. Бұл тек саяси реформа емес, руханият жағынан да біз басқаша көзқараспен қарау керекпіз. Сондықтан, бүгінгі өтіп отырған шара елдегі жасалып жатқан шаралардың рухани жалғасы деп білеміз. 

Екі күн бойы өскемендіктерге «Құлалы аралының адамы», «Серт», «Travel Kazakhstan» және «Қуатты серіктес» туындылары ұсынылды. Ұйымдастырушылар фильмдердің қалай түсірілгені туралы айтып, көрермен сұрақтарына жауап берді. Мәселен, «Құлалы аралының адамы» деректі фильмі – 34 жылдан бері адам аяғы сирек баспайтын аралда тұрып, еңбек етіп келе жатқан аңыз адам – Петр Иванович Лупенков туралы баяндайды. 

Эльмира Ишмухаметова, ҚР Президенті телерадиокешені Деректі кино орталығының аға редакторы:

Петр Иванович Лупенков туралы «Құлалы аралының адамы» деректі фильмі «Еңбек адамы жылына» орай түсірілді. Өздеріңіз білесіздер, 2024 жылды Мемлекет басшысы «Еңбек адамы жылы» деп жариялаған болатын. Ал біздің кейіпкеріміз Петр Иванович – меніңше, нағыз еңбек адамы. Ол 34 жылын өз кәсібіне арнады және әлі күнге дейін еңбек етіп келеді. Ол өз жұмысын жақсы көреді, оған бар күш-жігерін салып, жан-тәнімен еңбек етеді. Өйткені оның өмірінде қиын сәттер де болған. Мысалы, аралда азық-түлік болмай қалған кездер кездескен. Бұл – өте күрделі жұмыс. Біздің міндетіміз – осы адамның бойындағы тұлғалық қасиеттерді ашу. 

Ал, «Қуатты серіктес» фильмі Қазақстан мен Жапония арасындағы ынтымақтастықтың жолын, екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейге көтерілгенін баяндайды. Фильмнің негізгі өзегі – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жапонияға жасаған алғашқы ресми сапары. Сапар аясында Мемлекет басшысының Жапония Императоры Нарухитомен және Премьер-министрмен кездесулері, «Орталық Азия + Жапония» саммитіне қатысуы, жаһандық қауіпсіздік, инвестиция, энергетика, технологияларға қатысты мәселелер бойынша диалогы көрсетіледі.

Эльдар Төлеубеков, Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

Біз үлкен өзгерістер болып жатқан жерде өмір сүріп жатырмыз. Осының барлығын жастар біліп, Президент осындай жолға қойып кеткен деген дүниеге жастарымызға әсерін тигізеді деп сенемін. 

 «Тарихтан болашаққа» жобасы еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылып, отандық деректі киноның үздік үлгілерін көрерменге ұсынуды көздейді.

Фатима Тілейханқызы