Самар ауданында туристік әлеует артып келеді. Бұқтырма су қоймасының жағалауында демалыс инфрақұрылымы кеңейіп, жаңа инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Жолдардың жаңаруы мен жағалау аумақтарының абаттандырылуы өңірге келетін туристер санын көбейтуге мүмкіндік беріп отыр. Биыл ауданға келушілер легі өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай артқан.
Бүгінде ауданында 71 демалыс базасы жұмыс істейді. Онда 580-нен астам демалыс үйі мен 2800-ге жуық орын бар. Жаз мезгілінде өңірге еліміздің әр түкпірінен мыңдаған турист келеді. Биыл жағажай аумақтары абаттандырылып, жаңа инвестициялық жобалар іске аса бастаған. Соның нәтижесінде туристер ағыны өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан.
Диас Әбен, Өскемен қаласының тұрғыны:
Демалыс өте жақсы өтіп жатыр. Біз Өскемен қаласынан келдік. Суы да өте жылы. Жақсы керемет демалыс өтіп жатыр. Новостройка ауылы туристік әлеуеті жақсы дамып келе жатқан аумақ екен. Жақсы ұнап жатыр бәрімізге.
Туризмнің дамуы жергілікті кәсіпкерлерге де жаңа мүмкіндік беріп отыр. Жағалау бойында жаңа демалыс орындары ашылып, қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді. Кәсіпкерлердің айтуынша, демалушылардың қатары жыл сайын көбейіп, шетелдік қонақтардың да қызығушылығы артып келеді.
Сәулегүл Қауметбай, кәсіпкер:
Бізде туризм жақсы дамып жатыр. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп демалып жатқан кісілер бар. Кейде шет елден де келеді. Өзіміздің ауылда туризмнің дамып жатқаны жақсы. Кісілер риза болып қайтып жатыр. Ары қарай дамытып, жұмыс жасаймыз деген ой бар.
Алдағы жылдары Сарыбелде туристік аймақ құрылады. Жобаның жалпы инвестициялық көлемі 51 млрд. теңге. Бұқтырма жағалауында ұлттық нақыштағы «Арбат» серуендеу аймағы, халықаралық стандартқа сай қонақүй және заманауи туристік инфрақұрылым салу жоспарланған. Сонымен қатар ауданның туристік бренді әзірленіп, Open Air Sarybel фестивалін дәстүрлі түрде өткізу көзделген.
Серік Жеңісов, Самар ауданының әкімі:
Қазір осы Сарыбелді туристік ауыл жасайық деп отырмыз. Бұл жерде арбат жасағалы отырмыз қазақи нақышта. Өйткені қытайдың тур фермаларымен, ресейдің де тур фермаларымен сөйлесіп отырмыз. Олар айтады келген кезде ұлттық нақыштағы дүние туристерге қызық болады деп отыр.
Туристік аймаққа қолжетімділікті арттыру үшін инфрақұрылым да жаңартылып жатыр. Қазір Сарыбел ауылына апаратын республикалық маңызы бар автожолда күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанда 14 бірлік арнайы техника жұмыс істейді. Жоба 2027 жылы аяқталады деп жоспарланған. Жолдың жаңаруы Бұқтырма жағалауы мен Сарыбелге қатынайтын туристер үшін сапарды қауіпсіз әрі жайлы етіп, өңірдің туристік әлеуетін одан әрі күшейтпек.
Бекарыс Секен