Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын. Бұл бастама қоғамның барлық саласына жаңа технологияларды енгізуге серпін беріп, кітапхана ісін де жаңа деңгейге көтеруге жол ашты. Бүгінде кітапханалар тек кітап оқитын орын ғана емес, цифрлық білім мен инновациялық қызметтердің заманауи орталығына айналып келеді.
2026 жылғы 16 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі» тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл құжат – кітап пен руханияттың қоғамдағы орнын айқындап қана қоймай, кітапхана саласының алдағы даму бағытын нақтылаған маңызды мемлекеттік бастама. Президент Жарлығында кітап оқу мәдениетін дамыту, жаңа форматтағы кітапханалар құру, цифрлық жүйелерді енгізу, ұлттық әдеби мұраны насихаттау, кітап саласындағы инновацияларды қолдау және жас ұрпақтың интеллектуалдық әлеуетін арттыру мәселелері басым бағыт ретінде көрсетілді. Бүгінде бұл міндеттер кітапхана қызметінің жаңа моделін қалыптастыруды талап етеді. Осы бағытта ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасы өңірдегі кітапхана саласын жаңғырту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді.
Жаңыл Адақ, ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
Қазіргі таңда, ең алғаш біздің осы 2000 жылдары кітап қорында 140 мыңнан астам кітап болса, қазіргі таңда 163 мың кітап қоры бар. Осының ішіндегі 43 мыңы қазақ тіліндегі кітаптарға саналады. Біздің кітапхана қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін арттыру мақсатында түрлі конференцияларға, түрлі жарыстарға және де семинар-тренингтерге жіберіліп отырады. Қазіргі таңда біз Ресей, Моңғолия, Қырғызстан секілді шетелдік кітапханалармен тығыз байланыстамыз және де осы БАҚ өкілдерімен де облыстық, республикалық деңгейде біз туралы түрлі ақпараттар шығып отырады.
Бүгінде кітапхана – тек кітап оқитын орын ғана емес, жан-жақты дамуға мүмкіндік беретін зияткерлік әрі шығармашылық орта. Мұнда оқырмандар интеллектуалды ойындар мен оқу клубтарына қатысып, қолөнер, домбыра, би, сурет және тоқыма үйірмелерінде өз қабілеттерін шыңдай алады. Сонымен қатар қазақ, ағылшын және түрік тілдерін үйренуге арналған тіл үйірмелері де тұрақты жұмыс істейді.
Ернат Файзуллаев, ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
Адамды адам еткен – кітап, адамзатты еткен – кітапхана демекші, кітапханамыз біздің тоғыз бірдей шығармашылық үлкен орталықтан тұрады. Әр орталық өзіндегі функционалдық қызметтерімен, жүйелі жұмыстарымен түсіп, кітапхананың өркендеуіне, мәдениеттің дамуына үлес қосып, осылай кітапхананың бір кірпіші бекем деп отыр. Сондықтан да осы бөлімдер жұмыс атқарады. Мысалы, жастар бөлімі айтса, ол жастардың қызығушылығында, әрине, жұмыстарын барлығын атқарады. Интеллектуалды жастар дамуы керек болса, quiz өткіземіз, көптеген шараларды өткіземіз деп өткіземіз. Ал егер рухани даму болса, ол әдеби, жаңағы сапарлар, әдеби кештер, жауһар сияқты осындай дүниелердің барлығын өткізіп жатамыз.
Кітапхана бүгінгі заман талабына сай жұмыс форматын да жаңартып келеді. Дәстүр мен цифрлық технологияны ұштастырған тың жобалардың бірі – жасанды интеллект элементтері енгізілген «Дәстүр HUB» атты интерактивті киіз үй. Бұл кеңістікте ұлттық мұра заманауи технологиялардың көмегімен жаңа форматта таныстырылады.
Ернат Файзуллаев, ШҚО балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
Көрермендерде ерекше сұрақ болуы мүмкін: «Бұл киіз үй неге ашылған?» деп. Көріп тұрғандарыңыздай, бұл – қазақтың қарапайым киіз үйі, ұлттық кодпен, ұлттық құндылықтармен, мәдениетпен тоғысқан киіз үй. Тек заманауи бағытта, жасанды интеллектпен көмкерілген, керемет технологиялармен жасалған. Енді көргендеріңіздей, бұл виртуалды киіз үйге кірген кезде өзі сізге қызмет көрсетеді. Біз балалар кітапханасы болғандықтан, балаларға осындай мәліметтерді таныстыру өте қызық. Мысалы, осы жерге кірсеңіздер, бізде киіз үйдің өзінің ақпараты бар. Және көргендеріңіздей, киіз үй өзін таныстырады: «Мен қазақтың қасиетті киіз үйімін» деген сияқты ақпараттар беріп, танымдық мазмұнда жұмыс істейді. Заманауи технологиялар арқылы балалардың білім алуына өз үлесін қосады.
«Дәстүр HUB» жобасы бүгінде келушілердің оң бағасын алып үлгерді. Енді кітапхана ұжымы бұл бастаманы Астана қаласында таныстырып, өңірлік кітапханалар арасында тәжірибе алмасуды көздеп отыр.
Кәусар Идаятқызы