Катонқарағай ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында КСРО спорт шебері Сергей Ахметовті еске алуға арналған турнир өтті. Биыл дәстүрлі жарыс алғаш рет республикалық мәртебеге ие болды. Додаға еліміздің бірнеше өңірінен балуандар қатысып, өзара мықтыны анықтады.
Сергей Ахметовтің есімі қазақ күресінің тарихында ерекше орын алады. Бозкілемге шыққан әр балуан оның есіміне лайық өнер көрсетуге тырысты. Ұлттық спорттың мәртебесін арттыруға арналған дүбірлі дода бірнеше салмақ дәрежесі бойынша ұйымдастырылды. Турнирге қатысушылар әдіс пен айланы ғана емес, табандылық пен жеңіске деген жігерін де танытты. Әр белдесу тартысқа толы өтіп, көрерменге ерекше әсер сыйлады.
Нұрдос Қайратов, қатысушы:
Өзім Өскемен қаласынан келдім. Өскеменнің намысын қорғауға Катондағы жарысымызға. Енді бұл жарыс республикалық турнир болғаннан кейін жоғары деңгейде өтіп жатыр. Өзім 82 кг салмағында өнер көрсетемін. Енді қазақ күресі болғаннан кейін қазақтың намысында бар ғой. Әр жігіт күресе білу керек деп ойлаймын.
Арман Қалиев, қатысушы:
Мен жаңа ақтық сынға шығып қиын белдесу өткіздім. Соны еңбек пен тердің арқасында жеңіп отырмын. Абай облысының палуаны мықты болды.
Биылғы жарыстың ерекшелігі - оның республикалық деңгейге көтерілуі. Бұл жас балуандардың тәжірибе алмасуына, шеберлігін шыңдауына және ұлттық құрама сапына үміткер спортшыларды анықтауға мүмкіндік берді.
Қуат Ахметов, С.Ахметовтің ұлы:
Әкем 70 жылдары күрескен ғой. Қазіргі буын танымал болып жатыр. Сондықтан әкеміздің есімін өшірмес үшін осындай турнирлерді біз ұйымдастыруға тырысамыз. Осыған дейін облыстық деңгейде өткізген болатынбыз бірнеше мәрте. Республикалық деңгейде бірінші рет өткізіп жатырмыз.
Ұйымдастырушылар турнирдің алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасатынын атап өтті. Бұл бастама қазақ күресінің кеңінен насихатталуына және жас таланттардың қанаттануына ықпал етпек.
Аяулым Усинова